Қазақстан татами шеберлері Загребтегі турнирді 2 орынмен аяқтады
АСТАНА. KAZINFORM – Хорватия астанасы Загребте өтіп жатқан дзюдодан Гран-при бәсекесінің соңғы күні тағы бір отандасымыз татамиге шықты.
Әйелдер арасында аса ауыр салмақтағы (+78 кг) Ақерке Рамазанова алғашқы айналымда жарыс қожайыны Марселина Враньесті жықты. Алайда Ұлттық құрама спортшысы ширек финалда француз Корали Хэймнен ұтылып қалды.
Ал жұбаныш белдесуінде аустриялық дзюдошы Мария Хэллварттан ұтылып, жүлдеге қол жеткізе алмады.
Жалпы Қазақстан құрамасы Загребтегі турнирде 2 алтын, 1 күміс жүлдеге қол жеткізіп, жалпы есепте Жапониядан (3 алтын, 1 қола) кейінгі 2-орынға табан тіреді.
Бірінші жарыс күні ерлер арасында Шерзод Давлатов (60 келі) пен Жанарыс Рахметқали (66 келі) алтыннан алқа тақты. Ал әйелдер арасында Ғалия Тынбаева (48 келі) финалда қарсыласы Кого Ваканаға есе жіберіп күміс жүлдені иеленді.
Бұл жарысқа 40 мемлекеттен 320 татами шебері жиналды.