Қазақстан тауарларының экспорты төмендеді - «QazTrade» себебін атады

АСТАНА. KAZINFORM – «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ өткен жылы Қазақстанның кейбір тауарлары экспортының төмендеу себебін атады.

экспорт
Фото: Александр Павский/Kazinform

Орталық мәліметінше, 2023 жылы қаржылай мәнде тазартылмаған май экспорты кеміді.

«Негізгі себебі – экспорттық бағаның төмендеуі. 2022 жылдың қазанынан бері тазартылмаған майдың әлемдік бағасы тұрақты түрде төмендеп келеді. Мамырдағы жалпы құлдырау 31 пайызды (еуромен есептегенде) немесе теңгемен есептеген 28 пайызды құрады», - деп түсіндіреді «QazTrade» агенттік тілшісінің сауалына орай.

Сонымен қатар ұн экспортынан түсетін қаражаттың төмендеуіне де экспорттық бағаның арзандауы басты себеп болып отыр. Дегенмен нақты мәнде ұн экспорты 2 пайызға артқан.

Мұнан бөлек, күкірт экспорты 13 пайызға артқанымен ақшалай мәнде экспорттық түсім кеміді. Өткен жылы күкірттің орташа бағасы 2022 жылмен салыстырғанда 3 есеге құлдырады.

Еліміздің ішкі нарығында сұйытылған газ тапшылығы байқалады. Дәл осы жайт көгілдір отын экспортының қысқаруына түрткі болды.

Еуропалық Одаққа өңделмеген алюминий жеткізу көлемі бірден 30 пайызға азайды. Оған электр энергиясы бағасының қымбат болуына байланысты ЕО-дағы өнім өндірісінің қысқаруы себеп.

Ферроқорытпаға келер болсақ, бұл өнімнің экспорты АҚШ, Жапония, Индонезия және Ресей бағытында кеміді. Өйткені, аталған елдер ферроқорытпа импортын қысқартып отыр.

Қазақстанға мұнай өнімдерінің экспорты Нидерланды мен Түркия бағытында ғана 37,1 пайызға азайды.

«Нидерланды көршілес елдерден, мәселен Бельгия мен Ұлыбританиядан сатып алуды арттырды. Түркия Ресей мен Үндістаннан алып жатыр», - деп мәлім етті «QazTrade».

Өңделмеген мырыш экспорты да төмендеді. Бұл жайтқа мырыштың әлемдік бағасының төмендеуі әсер етті.

Соңғы жаңалықтар