Қазақстан тауарларын Ауғанстан арқылы Пәкістанға жөнелту бағдарын дамытпақ
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан өз тауарларын Ауғанстан аумағы арқылы Пәкістан мен Үндістанға жөнелтпек. Бұл туралы елордада өтіп жатқан Қазақстан мен Ауғанстан бизнес-форумында Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі кезде Ауғанстан Қазақстан үшін сауда бағытында Пәкістан мен Үндістанға апаратын Орталық Азияның көлік дәлізі саналады. Біз Пәкістанның ірі NLC (National Logistics Cell) логистикалық компаниясымен келіссөздер жүргіздік, ол ауған компанияларымен де тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп жатыр», - деді С. Жұманғарин.
Оның айтуынша, Қазақстан «Мазари-Шариф-Кабул-Пешавар» теміржол көлік дәлізін салу бастамасын жоғары бағалап отыр. Бұл Орталық Азия елдерінің Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс елдерімен үздіксіз өңіраралық ынтымақтастығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Бұл бағыт сауда-экономикалық қарым-қатынас қарқынына тың серпін береді», - деді министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл Қазақстан Пәкістанға жаңа бағдар арқылы бірнеше жүк көлігін жөнелтті.