Қазақстан тауарларының экспорты 59 пайызға өсті - Әлихан Смайылов

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда макроэкономикалық көрсеткіштің оң серпіні қалыптасып отыр. Бұл туралы бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында І жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын талқылау кезінде Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Әлемде қарқын алып келе жатқан геосаяси шиеленіс халықаралық өндірістік, көлік әрі логистикалық тізбектердегі алшақтықты күшейтіп отыр. Энергия ресурстары мен азық-түлік тауарларына бағаның жаппай өсуі байқалуда. Көптеген елдерде инфляция рекордтық деңгейге жетті. Мысалы, АҚШ-та және Еуропалық одақта шамамен 9 пайызды құрады», - деді Ә.Смайылов.

Оның айтуынша, Халықаралық валюта қорының 2022 жылы әлемдік жалпы ішкі өнімнің өсуі бойынша болжамы 3,6 пайызға дейін төмендеп, қайта қаралды.

Еліміздің макроэкономикалық көрсеткіші оң нәтижені көрсетіп отырғанына тоқталған Үкімет басшысы: «Биылғы қаңтар-маусым аралығында Жалпы ішкі өнімнің өсімі 3,4 пайызды құрады. Тауар өндірісі 4,1 пайызға, қызмет көрсету саласы 2,1 пайызға өсті. Өңдеу өнеркәсібінде (+5,8%), құрылыс (+9,2%), сауда мен көлік салаларында (+6,2%) өсімнің жоғары қарқыны болды», - деді.

Оның сөзіне қарағанда, осы жылғы қаңтар-мамыр аралығындағы сыртқы сауда тауар айналымы 41 пайызды, 51 млрд АҚШ долларын құрады.

«Экспорт 59 пайызға, оның ішінде өңделген тауар экспорты 35 пайызға өсті. Жалпы, оң сауда балансы 2,6 есеге артып, 17,1 млрд АҚШ долларын құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 2,6 пайызға өсті», - деді Ә. Смайылов.


Соңғы жаңалықтар