Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Германияда тоғызқұмалақтан турнир өткізу туралы шешім қабылданды

АСТАНА. 1 наурыз. ҚазАқпарат - Берлинде Қазақстан елшілігі неміс қоғамдастығының өкілдерімен бірлесе отырып, 7-қысқы Азиада ойындарының қорытындысын шығарды, деп хабарлайды ҚР сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай  Германияда тоғызқұмалақтан турнир өткізу туралы шешім қабылданды

Қазақстан елшісі Нұрлан Оңжанов жиналған қонақтарға Азиада қорытынтысы туралы, атап айтқанда қазақ спортшыларының 70 медаль, соның ішінде 32 алтын жүлдеге ие бола отырып, командалық есепте бірінші орынға шыққаны туралы баяндады

«Eurosport» спорт арнасының түсіндірмешісі Хендрик Шамбергердің айтуынша, Азиаданың ашылуы жайлы репортаждар Қазақстанның қысқы ойындарға тамаша дайындалғандығын, Астана мен Алматы қалаларындағы жаңа спорт нысандарына ауқымды инвестициялар тартылатындығын көрсетеді.

Гумбольдт Университеті жанындағы спорт институтының халықаралық бөлімінің жетекшісі Мартин Хольвец Спорт институтының Германия Олимпиадалық Қоғамының мүшесі екенін айта келіп, қазақстандық және неміс студенттерінің өзара алмасуы және екі елдің ЖОО-ында оқыту мүмкіндігін ұсыну үшін «Болашақ» бағдарламасымен өзара іс-қимылды жолға қою қажеттігін ұсынды.

Баварияда тұратын тоғызқұмалақтан Қазақстан чемпионы Юрий Нольд жиналғандарға осы ұлттық ойынның мәнісін түсіндіріп, бірнеше қатысушылармен жарыс өткізді. Бұл ойын олардың қызығушылығын туғызды, сондықтан да Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығын Германияда мерекелеу ауқымында тоғызқұмалақтан турнир өткізу туралы шешім қабылданды.