Қазақстан Таяу Шығыстағы ең ірі кітап жәрмеңкесіне қатысуда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасында өз жұмысын бастаған Таяу Шығыстағы ең ірі «Abu Dhabi International Book Fair-2016» кітап жәрмеңкесінде Қазақстандық павильон қонақтар назарын тартуда.
Оған әлемнің 70 мемлекетінен 1000-нан астам баспалар қатысып жатыр, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі. 7 күн бойы өтетін жәрмеңкенің алаңдарында 100-ден аса іс-шаралар, оның ішінде әйгілі жазушылармен, жаңа кітаптардың авторларымен, саясаткерлермен кездесулер өтеді.
ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы «Қазақ энциклопедиясы», «Дәуір», «ҚазАқпарат», «Алматыкітап», «Мектеп» баспа-полиграфиялық мекемелерімен бірлесіп Қазақстанның Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап «Қазақстан - Ұлы дала елі» көрме павильонын ұйымдастырды. Көрмеде Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасу тарихын, әлеуметтік-экономикалық дамуын, табысы мен жетістіктерін баяндайтын 500-ден астам кітап ұсынылды.
Әбу-Даби халықаралық кітап жәрмеңкесі жұмысының барысында Әмірліктер ақыны, публицист Хабиб Саиг пен «әл-Иттихад» газетінің бас редакторы Мұхаммед әл-Хаммади «Кітап мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін» медалімен марапатталды.
Салтанатты рәсімді ашу барысында ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының директоры Жанат Сейдуманов марапаттау моральдік ынталандырудың бірі, олардың еңбегін мойындаудың көрінісі, шығармашылық еңбегі мен адал қызметінің, кітап мәдениетінің дамуына қосқан жеке үлесі, сондай-ақ кітаптың беделін көтеру болып табылатынын атап өтті.
Сондай-ақ, «Дәуір» республикалық полиграфиялық баспа кешенінің Бас директоры Светлана Назарбаева «GEMS Education» Білім қорының стипендианты Қазақстан азаматшасы Сайора Шотпақоваға бағалы сыйлықтар мен кітаптар табыстады.
Айта кеткен жөн, «Кітап мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін» медалі Қазақстан Жазушылары одағы, ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы, Қазақстан баспашылары, полиграфистері мен кітап таратушылары бірлестігі (АИПК) және ҚР Кітапхана бірлестігімен баспа-полиграфиялық саласы жұмысшыларын, кітапхана жүйесінің жұмысшыларын, жазушыларды, ақындарды, сондай-ақ көрнекті отандық және шетелдік мәдениет, ғылым және саясат қайраткерлерін кітап мәдениетінің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін марапаттауға арналған.