Қазақстан Тәжікстанға ғарыштық байланыс қызметтерін көрсететін болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі аэроғарыш комитетінің «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ және «Исател» ЖШҚ (Тәжікстан) «Kazsat-3» ғарыш аппаратының транспондерлік сыйымдылығын ұсыну бойынша қызмет көрсету шартына қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Құжатқа сәйкес, Тәжікстанда қазақстандық жерсеріктік байланыс ресурстары арқылы еліміздің алыста орналасқан елді-мекендері үшін байланыс арналары ұйымдастырылады.

Шартқа «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Василий Леонов пен «Исател» ЖШҚ директоры Умед Тагоев қол қойды.

«Исател» ЖШҚ - «Телерадиоком» ААҚ еншілес ұйымы және Тәжікстандағы байланыс операторы.

Оның Душанбе қаласында өзінің телепорты және желілік басқару станциясы бар, елдің мемлекеттік органдары мен жеке компаниялары үшін интернетке қол жетімділікті қамтамасыз етеді.

Халықаралық нарыққа шығу – екі байланыс жерсерігінен және жерүсті басқару кешендерінен тұратын, «Kazsat» ғарыш жүйесін сәтті басқаратын Қазақстан Республикасының ұлттық ғарыштық байланыс операторы «РҒБО» АҚ маңызды міндеттерінің бірі.

Қазақстанның жерсеріктік байланыс жүйесі еліміздің байланыс қызметтері қажеттілігін толығымен қамтамасыз етеді, «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ Қырғыз Республикасына да ғарыштық байланыс өнімдерін жеткізеді.

Цифрлық индустрия қызметтерінің экспортын ұлғайту – бұл міндетті ел Президенті Қазақстан халқына Жолдауында мемлекет экономикасын дамытудың құрамдас бөліктерінің бірі ретінде атап өтті.

Ғарыштық байланыс саласындағы жаңа халықаралық шартқа қол қою «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ ұжымының кәсіби жұмысының нәтижесі болып табылады және Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан арасындағы ынтымақтастықтың жаңа даму келешегін ашады.


Соңғы жаңалықтар
telegram