Қазақстан тек цифрлық күн тәртібімен өмір сүріп жатыр - Бақытжан Сағынтаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан тек қана цифрлық күн тәртіппен өмір сүріп жатыр. Бұл туралы бүгін «Digital Bridge» халықаралық инновациялық форумда ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінде Қазақстан тек қана цифрлық күн тәртіппен өмір сүріп жатыр және Үкіметтің негізгі міндеті осыдан бір жыл бұрын қабылданған бағдарламаны өмірде жүзеге асыруға бағытталған. Мұндай бағдарламаны қабылдамай тұрып, осыдан 10 жыл бұрын мемлекеттік қызметтерді цифрлық форматқа көшіруге жөніндегі бағдарламаны іске қостық. Уақыт өте келе бір ғана мемлекеттік қызметтерді ұсынумен шектелуге болмайтындығын түсіндік», - деді ҚР Үкімет басшысы.
Осы ретте Бақытжан Сағынтаев Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың цифрландыру тек қана бір салаға емес, бүкіл экономикамызды дамытуға қатысты екендігін айтқанын еске салды.
«Үкімет мұндай қызметті өз мойнына алып отыр. Ең бірінші кезекте бұл цифрлық форматта мемлекеттік қызметтердің толық көлемін ұсынумен байланысты. Қазіргі уақытта денсаулық сақтау саласын цифрлық форматқа келтірудеміз. Білім беру саласында біз цифрлық форматта жұмыс істеп жатырмыз. Соңғы 8 айдың ішінде 13 миллион мемлекеттік қызметті цифрлық форматта көрсеттік», - деді Бақытжан Сағынтаев.
Сонымен қатар ол еліміз «Doing Business 2018» рейтингінде жақсы нәтиже көрсеткенін, бизнес жүргізуді жақсарту бойынша 28 орынға көтерілгенін айтты.
«Халықаралық сауда» рейтингінде өте нашар деңгейде, 102 орында тұрмыз. Бұл біздің теңізге шығар жолымыздың болмауымен және жер аумағымыздың үлкендігімен, ал шекарадан өтудің автоматтандырылмауымен байланысты. Ағымдағы жылы біз арнайы бағдарлама енгіздік және келесі жылы аталған индекс бойынша бізде мүлдем басқа көрсеткіш болады деп күтеміз», - деді Үкімет басшысы.
Бақытжан Сағынтаев елімізде бизнеске өз өндірістерін жаңғырту үшін цифрландыруды қолдануға барлық мүмкіншілік беріліп отырғанын айтты. Сонымен қатар «Astana Hub» халықаралық іт-стартаптар технопаркінің бизнес үшін қандай мүмкіншіліктер ұсынатындығына тоқталды.
«Бұл жерде де заңнамамызды өзгерттік. Астанада тек Қазақстандық резиденттер ғана емес, сондай-ақ аталған аумаққа қатысып, оның мүмкіншіліктерін пайдаланғысы келетін шетелдік компаниялардың да жұмыс істеуіне мүмкіншілік бар. Жұмыс визасын жеңілдетіп, салықтық жеңілдіктер бердік, гранттық қолдау, баспана ұсындық. Олар осы жерде түрлі нарықтарға сұранысқа ие болатын өз өнімдерін жасауы үшін жағдай жасадық. Бағдарлама ендігі ғана іске қосылды. Бүгінде бүкіл ел аталған бағдарлама элементтерін өмірде жүзеге асыруға жұмылдырылған. Меніңше, келесі цифрлық форумда жетістіктер жайында айтатын боламыз», - деді Бақытжан Сағынтаев.
Айта кетейік, форумның цифрлық экономиканы дамытудың жаһандық трендтері талқыланған жалпы отырысына қатысқан Премьер-Министр «Digital Bridge» үлкен байланыстар жасалатын алаңға айналатындығын айтқан еді.
Digital Bridge - Қазақстандағы биылғы жылы өтіп отырған басты инновациялық оқиға.
