Қазақстан тек сыртқы сұлулығымен ғана емес, өзінің басты құндылығы - адамдарымен де өзін-өзі танытады - ДТҰ Бас хатшысының міндетін атқарушы Т.Рифай
АНА. Қазанның 5-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - ДТҰ Бас ассамблеясының 18-ші сессиясын өткізу басқа ел өкілдерінің Қазақстанмен кеңірек танысуына және біздің еліміздегі туристік саланың дамуына өз әсерін тигізеді.
Бұндай пікірді сенбі күні бұқаралық ақпарат құралдарына арнайы сұхбат берген ҚР Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов білдірді. Сонымен қатар ДТҰ Бас хатшысының міндетін атқарушы Талеб Рифайда БАҚ өкілдерімен бас қосып, жиын барысында атқарылатын шаралар, әлемдік туризмнің жай-күйі және Астана туралы алған әсерін жеткізді.
Министрдің сөзіне қарағанда, Қазақстан туризм үшін ұзақ уақыт бойы жабық болды, ал қазіргі таңда бізде туризмді дамытудың барлық алғы шарттары бар және де кез-келген туристке жол ашық. Қазақ елінде алғаш рет өткізіліп отырған ДТҰ-ның 18-ші Бас ассамблеясына ұйымның басқа жиындарына қарағанда ең көп өкілдіктер келіп отыр, яғни нақтылап айтсақ 142 елдің өкілдері бас қосуда.
«Олардың барлығы осы жерде көргендеріне ризашылық танытуда. Қазақстанның аз уақыттың ішінде Астанадай ғажайып қала салғанына біздің қонақтар таңданысы мен сүйініштерін білдіріп жатыр. Форум барысында біз туризмді дамыту бойынша дайындаған жобаларымызды ұсынамыз, өз кезегінде қонақтар отандарына барғаннан кейін Қазақстанның туристік мүмкіндігі туралы айтады. Бұл біз үшін үлкен жарнама», деп атап өтті Т.Досмұхамбетов.
Сондай-ақ ол бүгінгі таңда Қазақстанда туризмді дамыту үшін көптеген істер атқарылып жатқандығын атап өтті. Оның пайымдауынша көптеп салынып жатқан жолдар елімізде ғана емес, сонымен қатар көрші мемлекеттердің де туризм ісін дамытуға оң әсерін тигізеді. 2011 жылы Астана мен Алматыда өтетін Қысқы Азия ойындары да Қазақстан атын насихаттауға үлкен үлес қосатын зор спорттық шара болмақ.
«Бұл форумға әлемге танымал БАҚ өкілдері келіп отыр, олардың қатарына ВВС-де бар. Менің ойымша бұл ассамблеядан кейін Қазақстан бүкіл әлемге танымал елге айналады. Және де елімізге шетелдік туристердің келу қарқыны артады. Жалпы қазіргі уақытта жыл сайын Қазақстанға 4 миллионнан астам турист келеді», дейді министр.
Бас ассамблеяның жұмыс барысында көптеген мәселелер қарастырылып, мемлекеттер арасындағы виза режімін жеңілдету мәселесі сөз болады.
«Өздеріңіз жақсы білесіздер, Қазақстан Ресей мен Беларус елдерімен кедендік одақ шеңберінде визасыз келіп-кетуге байланысты құжатқа қол қойған болатын. Ұлы Жібек жолы бойынша да осындай жұмыстар қолға алынған. Бірақ таяудағы Қытайдағы оқиғаларға, Ауғанстандағы, Ирандағы күрделі ахуалға байланысты қиындықтар туындап отыр. Дегенмен менің ойымша осы мәселелермен айналысатын жоғарыда аталған мемлекеттердің, туризм және спорт, сыртқы істер министрліктерінің өкілдерінен жұмыс тобын құруға болады», деді.
Өз кезегінде ДТҰ Бас хатшысының міндетін атқарушы Талеб Рифай 2008 жылы және ағымдағы жылдың 7 айында әлемдік туризм индустриясында өсімнің 8 пайызға төмендегені байқалып отырғандығын атап өтті.
«Демек осы кезеңде шамамен алғанда 80-90 миллиард доллар табыс түспеді. Жалпы әр аймақтағы ахуал әр түрлі. Қазіргі уақытта бізді жұмыссыздықтың өсуі толғандырып отыр. Себебі бұл жұмыс орындарының жоғалуына әкеліп соғады», дейді Т.Рифай.
Оның сөзіне қарағанда, форум барысында әлемдік қаржы дағдарысының экономикалық салдары және оның туризм индустриясына тигізген әсерін талқыға салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар экологиялық сипаттағы мәселелер, ауа-райының өзгеруінің туризмге ықтимал әсері сөз болады.
ДТҰ Бас хатшысының міндетін атқарушы Т.Рифай «Менің ойымша, шынайы ықылас пен жігер болашақта даму үшін жақсы әлеует беретіндігіне Астана жарқын үлгі бола алады. Біздің көптеген делегаттарымыз Қазақстанда, Астанада алғаш рет болып отыр. Олардың қала көркіне тамсанып, бұл жердегі көріністерге таңдана қарап жүргендіктерін мен мол сеніммен айта аламын. Дегенмен, Қазақстан тек сыртқы сұлулығымен ғана емес, сонымен қатар өзінің басты құндылығы - адамдарымен де өзін-өзі танытады», деген пікірін білдірді.