«Қазақстан» телеарнасы Головкин мен Уэйд жекпе-жегін тікелей эфирде көрсетеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - WBA (Super), IBO, WBC (Interim) және IBF нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы, қазақстандық Геннадий Головкин (34-0, 31 КО) 23 сәуір күні (Астана уақытымен 24 сәуір) америкалық боксшы Доминик Уэйдке (18-0, 12 КО) қарсы жекпе-жекке шығады. Кездесу АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласындағы «Форум» аренасында өтеді.

«Қазақстан» телеарнасы Головкин мен Уэйд жекпе-жегін тікелей эфирде көрсетеді

Жекпе-жекті 24 сәуірде 07:20-дан бастап «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы мен kaztrk.kz сайты тікелей эфирде көрсетеді.

Геннадийдің осыған дейін австралиялық Дэниел Гил, мексикалық Марко Антонио Рубио, америкалық Вилли Монро II мен Стивен Кертис және канадалық Давид Лемье секілді мықты боксшылармен жұдырықтасып, жеңіске жеткенін айта кеткен жөн.

Америкалық боксшы Доминик Уэйд осыған дейін 18 кездесу өткізіп, барлығын жеңіспен аяқтаған. Сонымен қатар, 12 кездесуінде қарсыластарын мерзімінен бұрын ұтқан. Ол соңғы кездесуін былтыр 26 маусымда австралиялық боксшы Сэм Солиманға қарсы өткізіп, жеңіске жеткен.

Еске сала кетейік, Геннадий Головкин соңғы жекпе-жегін 2015 жылдың 18 қазаны күні канадалық Давид Лемьеге қарсы өткізіп, 8-раундта нокаутпен ұтқан.

Лемьеге қарсы ұрыс Головкин үшін ерекше маңызға ие. Себебі, жекпе-жекті HBO телеарнасы ақылы түрде Pay-Per-View жүйесімен көрсетіп, 150 мыңнан астам абонементті сатқан болатын. Бұл АҚШ жерінде жекпе-жек өткізген шетелдің азаматы үшін жоғары көрсеткіш саналады.

Ал отандастары үшін Головкин-Лемье жекпе-жегі нағыз спорттық мереке болды. 3,5 миллион қазақстандық жанкүйер демалыс күні екеніне қарамастан бұл жекпе-жекті «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан тамашалаған. Бұл ректордтық көрсеткіш! Сондай-ақ, осы кездесуді 1 млн көрермен телеарнаның ресми www.kaztrk.kz сайтынан көрген. Ал, жекпе-жектің қайталауын 1,5 миллионнан аса жанкүйер тамашалаған.

24 сәуірде «Қазақстан» телеарнасы сағат 15.00 және 19:00-де Головкиннің Уэйдке қарсы жекпе-жегін қайталап көрсетеді. Ал «Kazsport» телеарнасы мен kazsporttv.kz сайты 24 сәуірде 23.15-те, 25 сәуірде сағат 09:00-де, 22:00-де және 1 мамырда сағат 23:00-де жекпе-жекті қайталап көрсетеді.