«Қазақстан» телеарнасында қазіргі заманның батырлары жайлы реалити-шоу жарық көреді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан» телеарнасы жаңа телевизиялық маусымда тосын әлеуметтік жоба ұсынбақ. Телерадиокорпорацияның баспасөз қызметі хабарлағандай, 7 қыркүйек күні сағат 19.00-де «Қазақстан» телеарнасында реалити-шоу жанрында түсіріліп жатқан «Шын жүректен» бағдарламасының алғашқы саны эфирге шығады.

  «Қазақстан» телеарнасында қазіргі заманның батырлары жайлы реалити-шоу жарық көреді

Аталмыш жобаның басты мақсаты - тасада қалған қазіргі заманның батырлары деп айтуға тұратын кейіпкерлердің ерлік әрекетін жан-жақты баяндау. Оның өз жеке басынан өткізген ең қызықты, әсерлі сәттері таңдалып алынып, көрермендер назарына ұсынылмақ.

Көбінесе мейірімді жандар өздерінің жақсы істері жайлы айтып жатуды ұната бермейді. Бірақ біз осындай ерекше ерлік, жақсылық иелері туралы елдің білгенін қалаймыз және «Шын жүректен» арқылы сол адамдарды көпшілікке үлгі етеміз. Бағдарлама эмоцияға толы. Орынды ойын мен әдемі әзіл бағдарламаның көркін ашпақ.

Басын қатерге тігіп, жалындаған от ортасынан адам өмірін құтқарған өрт сөндіруші, жетімді жылатпай, оған аналық қамқорлығын сыйлаған асыл жан, науқасты ажал аузынан арашалап қалған дәрігер, бір сөзбен айтқанда, жарымжан көңілге қуаныш сыйлап, айналасындағыларға бергені мол, бірақ, өзі тасада қалған жандар туралы шытырманға толы оқиғалар жаңа жобаның арқауына айналады.