«Қазақстан» телеарнасында жаңа отандық «Біздің ағай» телехикаясының тұсауы кесіледі (ФОТО)
Бұл қызықты оқиға заманауи өмірді бейнелейді. Оқиға Жамбыл облысының Шу ауданында өтеді. Бас кейіпкерлер - Жомарт ағаның отбасы және ауылдастары. Жомарт ұзақ жылдар ауылдық мектепте тарих пәнінің мұғалімі болған. Өмір бойы сүйікті қызметімен айналысқан ақсақал зейнеткерлікке шығады. Мұндай адам үйде тыныш отыра алмайтыны белгілі. Аяқ астынан ауылдастарының ақылшысына айналғанын Жомарт ағаның өзі де байқамай қалады...
Сонымен қатар, бұл хикая адам жүрегінде туған жер мен елдің ерекше орын алатынын баяндайды.
Хикаяның тағы бір кейіпкері - Еламан (Эдуард). Ол осыдан бірнеше жыл бұрын тарихи отаны Алманияға қоныс аударған, қазақ еліне қонаққа жиі келіп тұрады. Туған өлкеге деген сағынышы тыныш таптырмайды. Шетелдік курорттық жерлерден әбден жалығады. Ауыл адамдары мен ауылдағы шағын ғана үйі - жанға жайлы, ыстық мекенін аңсайды...
Туындының режиссері - Мұрат Бидосов. Режиссер «Әпке», «Агент Z» және т.б. телехикаяларымен танымал.
Туынды әзіл-оспаққа негізделсе де, отансүйгіштік, үлкендерге деген құрмет, Отанға, отбасыға деген махаббат тақырыптары кеңінен насихатталады. Хикая барысында отандық өндіріс өнімі және заманауи технология жетістіктері көрсетіледі.
«Біздің ағай» телехикаясы 12 қазаннан бастап жұмыс күндері сағат 21.00-де көрсетіледі.