«Қазақстан» телеарнасының журналисі қайғылы қазаға ұшырады

АСТАНА. Шілденің 17-сі. ҚазАқпарат - Бүгін біздің әріптесіміз - «Қазақстан телеарнасының журналисі, «Таңшолпан» бағдарламасының жүргізушісі Руслан Бөлебай қайғылы қазаға ұшырады.

 «Қазақстан» телеарнасының журналисі қайғылы қазаға ұшырады

Ол небәрі 24 жаста болатын. Соған қарамастан, Руслан теледидарда ғана емес, эстрада  да  танылып үлгерді. Оның қаза болуына автомобиль апаты себеп болды. Руслан Бөлебай Қызылорда облысының Шиелі кентінде дүниеге келді. 2002 жылдан бастап республикалық «Ұлан» газетінің тілшісі қызметін атқарды, одан кейін «Қазақстан университеті» басылымына қалам тартты. 2004 жылы «Оңтүстік Қазақстан» және «Азамат.kz». газеттерінде жұмыс істеп, шеберлігін шыңдады. 2005 жылдан бастап әуелі КТК телеарнасында тілші болды. Содан кейін 2008 жылдан бастап Руслан Бөлебай «Қазақстан» ұлттық телеарнасында «Таңшолпан» ертеңгілік ойын-сауық бағдарламасын жүргізді. Өзінің қысқа өмірінің ішінде ол әртүрлі байқауларда талантымен көрінді. «Еуразия айналымы» халықаралық екінші жастар форумында жеңіске жетті, республикалық студенттер ғылыми олимпиадасында бірінші орынды, бұдан 5 жыл бұрын жас журналистер арасындағы эссе байқауында Гран-приді иеленді. Бұл жеңісі үшін Би-Би-Си-дің Лондондағы радиостансысында өндірістік тәжирибеден өту мүмкіндігіне ие болды.

Марқұммен қоштасу ертең түсте Алматыда «Қазақстан» телеарнасының ғимаратында өтеді. Руслан Бөлебай жексенбі күні туған жерінде жерленеді.