13:47, 31 Қаңтар 2009 | GMT +5
«Қазақстан темір жолы» АҚ отандық машина жасаушылардан сатып алынатын тауарларды 5 жылда 18,5 есе ұлғайтпақ
АЛМАТЫ. Қаңтардың 31-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Қазақстан темір жолы» АҚ биыл тауар мен қызмет түрлерін сатып алу кезінде отандық 754 кәсіпорынмен қарым-қатынас орнатпақ. Бұл кеше «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның отандық өндірісшілерден тауар және қызмет көрсету түрлерін сатып алу шаралары туралы алматылық кәсіпкерлермен өткізген алқалы жиында айтылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ тапсырмасы бойынша ұлттық компания тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алуды жүзеге асырудың ережесін әзірлеп, оны 2008 жылғы желтоқсанның 8-інде бекіткен болатын. «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның биылғы жылы сатып алынатын тауар мен қызмет түрлерінің жоспары желтоқсанның 31-інде, ал еншілес компаниялардың жоспарлары қаңтардың 26-сында мақұлданды. Қазақстан аумағында мемлекеттік атқарушы органдардың мәліметіне қарағанда 8 703 кәсіпорын жұмыс жасайды. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының вице-президенті Ерік Сұлтановтың айтуынша, олар 754 кәсіпорынмен ынтымақтастық орнатқан. Соның нәтижесінде 2007-2008 жылдары жұмыс пен қызметтің 98 пайызы, жанар-жағармайдың 85 пайызы отандық тауар өндірушілерден сатып алынды. Машина жасаушылардан сатып алынған тауарлардағы қазақстандық өндірісшілердің үлесі 10 пайызды құрап отыр. Соңғы 2 жылда отандық кәсіпорындардан жыл сайын 9,5 миллиард теңгенің өнімі алынса, оның 8 миллиардқа жуығы Алматы қаласындағы екі кәсіпорыннан алынды.
«Биылғы жылы біз қазақстандық машина жасаушылардан сатып алынатын өнімдерді 16,6 миллиард теңгеге дейін ұлғайтпақпыз. Алдағы 5 жылда бұл 18,5 есеге дейін ұлғайып, 174 миллиард теңгені құрайды деп жоспарланып отыр. Биыл құрылыс материалдарының қосалқы бөлшектерінің 9895 аталымнан тұратын номенклатурасын отандық өндірісшілерге жіберген едік. Бұған дейін олардан оның 22 пайызын, яғни 2185 түрлі өнімді ғана сатып алып келген едік. Биылдан бастап қосымша тағы 2820 түрлі өнім шығаруға дайын екендіктерін мәлімдеп отыр. Соның нәтижесінде теміржол саласында машина жасау өнімдерін игеру бағдарламасы осы жылы 58 пайызды құрамақшы», дейді Ерік Сұлтанов. Оның сөзіне қарағанда, «Қазақстан темір жолы» биыл жанар-жағармай (68 миллиард теңге) мен электр знергиясын (20 миллиард теңге) толықтай отандық өндірісшілерден сатып алмақ. Сатып алынатын тауар мен қызмет түрлерінің топтамасында жанар-жағармайдың үлесі 23 пайыз, электр энергиясының үлесі 6 пайызды құрайды. Бұдан бөлек 39 миллиард теңге жолаушылар мен жүк вагондарын (13 пайыз), 58 миллиард теңге тауарлар (19 пайыз), 119 миллиард теңге (39 пайыз) қызмет түрлерін сатып алуға бөлініп отыр.