13:22, 02 Ақпан 2009 | GMT +5
«Қазақстан темір жолы» АҚ отандық өндірушілерден сатып алынатын машина жасау өнімдерінің 2013 жылға дейінгі бағдарламасын қабылдады
АЛМАТЫ. Ақпанның 2-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ отандық өндірушілерден сатып алынатын машина жасау өнімдерін 2009-2013 жылдар аралығында 10,5 есе ұлғайтпақ,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ мен оның еншілес және қоластындағы қоғамдарында өз қажеттіліктері үшін сатып алынатын тауар-материалдық құндылықтар көлемінде қазақстандық өндірісшілердің үлесін арттырудың 2009-2013 жылдарға бағдарламасында көрініс тауып отыр. Ол 2008 жылғы қазанның 13-інде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген Елбасының тапсырмасы бойынша жасалды. Онда ұлттық компания отандық өндірушілерден сатып алынатын машина жасау өнімдеріне 2009 жылы 16,6 миллиард, 2010 жылы 61,6 миллиард, 2011 жылы 115,7 миллиард, 2012 жылы 141,4 миллиард, ал 2013 жылы 174,02 миллиард теңге жұмсау жоспарланған. Өткен жылы олар бұл салаға 9,4 миллиард теңге жұмсаған еді. Төрт жылдық бұл бағдарламада компанияның қажеттілігі үшін игерілетін сатып алынатын жолдың үстіңгі қабатын салуда және қосымша бөлшектер мен материалдардың тізбесі 2008 жылғы 2185-тен биыл 2667-ге, келесі жылы 3065-ке, арғы жылы 3688-ге, ал 2012 жылы 4 384-ке және 2013 жылы 5005-ке дейін ұлғайтылмақ. «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның вице-президенті Ерік Сұлтановтың айтуынша, ұлттық компания сатып алатын тауар мен қызмет түрлерінің ішінде машина жасаушылардан сатып алынатын тауарлардағы қазақстандық өндірісшілердің үлесі 10 пайызды ғана құрайды. Құрылыс материалдарының қосалқы бөлшектерінің 9895 аталымнан тұратын тізбесінде отандық өндірісшілердің үлесі былтыр 22 пайызды ғана құраған болатын.