"Қазақстан темір жолы" АҚ телекоммуникациялық жүйелері модернизацияланады

         АЛМАТЫ. Желтоқсанның 4-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматыда «Транстелеком» АҚ мен "Alcatel-Lucent" компаниясы арасында арнайы келісімге қол қойылды. Келісімге сәйкес «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның телекоммуникациялық жүйелері модернизацияланады,

"Қазақстан темір жолы" АҚ телекоммуникациялық жүйелері модернизацияланады

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

         Құны 100 миллион долларлық жоба Еуразиялық даму банкінің қаржылық қолдауымен жүзеге асырылады. «Жоба аясында тиімділігі жоғары, заманауи, аса жүйрік магистралды сандық байланыс жүйесі (WAN) салынады. Бұл  «ҚТЖ»АҚ пен оның еншілес кәсіпорындарына аса күрделі және көлемді автоматтандыру, ақпараттандыру жүйелерін ендіру, оған теміржол көлігінің барлық бөлімшелері мен нысандарын қосу мүмкіндігін береді. Бұл Қазақстан темір жолының дабылдық жүйесін жетілдіреді. Бүгінгі келісімге сәйкес жобаны "Alcatel-Lucent" компаниясы жүзеге асырады», дейді «Транстелеком»АҚ президенті Мирболат Аюпов. Оның айтуынша, жоба аяқталған соң теміржол телімдерінде талшықты-оптикалық байланыс желісінің ұзындығы 4 мың шақырымға дейін ұзарады. "Alcatel-Lucent" компаниясының бас директоры Асқар Нәсиевтің айтуынша, жобаны жүзеге асыруда Қазақстандық қамтуға басты назар аударылмақ, сондай-ақ 1000-ға жуық адам жұмыспен қамтылады. Жоба 3 бағытта Астана-Павлодар-Семей-Ақтоғай бағытында және Шу-Арыс-Қызылорда-Қандыағаш, Көк-Жаңаесім-Қостанай бағыттарында жүзеге асырылады. Жалпы ұзындығы 3 951 шақырымды құрайтын алғашқы магистраль құрылысы 2011 жылдың мамыр айында аяқталады.

ҚазАқпарат анықтамасы: «Транстелеком» АҚ 1999 жылдың 1-ші қыркүйегінде «ҚТЖ» АҚ ҰК-ның техникалық қолдау және байланыс жүйелерін модернизациялау бағытында құрылған. Қазіргі таңда Қазақстандағы жетекші телекоммуникациялық операторлардың бірі. Дыбыс пен мәліметтерді халықаралық «тасымалдау», ВОЛС базасында сандық арналарды жалға беру, халықаралық телефон желісі, интернетке шығу сынды қызметтерді ұсынады.