«Қазақстан темір жолы» компаниясы астықтың тасымалын миллион тоннаға жеткізді
АСТАНА. 3 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қараша айында «Қазақстан темір жолы» компаниясы жаңа астықтың миллион тоннасын тасымалдады. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметінен хабарланды.
Атап айтқанда, компания мәліметтеріне қарағанда 2013 жылғы қарашада астық тиеу 1 030 мың тоннаға жеткізілді. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, 423 мың тоннаға (70%) жоғары көрсеткіш болып табылады. Оның ішінде темір жол арқылы елдің ішкі бағытына 317 мың тонна жөнелтілсе, экспортқа 713 мың тонна астық тасымалданған. Бұл ретте тасымалдың негізгі бағыттары Орта Азия (210 мың тонна), Кавказ елдері (135 мың тонна), сондай-ақ Ресей мен Қара теңіз, Балтық теңізі порттары бағыттары (208 мың тонна) сақталып отыр.
«Иранға Ақтау халықаралық теңіз порты (64,5 мың тонна) және жаңадан салынған Өзен-Түркіменстанмен мемлекеттік шекара темір жол желісі арқылы (33,6 мың тонна) жаңа астық жіберілді. Қытайға 43,1 мың тонна және Ауғанстан бағдарына 17,5 мың тонна өнім тиелді. Осы мерзімде ұн өнімдерін тиеу 305,5 мың тоннаға жеткізіліп, өткен жылдың сәйкес мерзіміне қарағанда - 97 мың тоннаға артық, 46% жоғары көрсеткішті құрады. Экспортқа 242,7 мың тоннасы, яғни 80% жіберілді. Тиелген ұнның жалпы көлемінің 145,5 мың тоннасы Өзбекстанға, 47,3 мың тоннасы Ауғанстанға, Тәжікстанға 27 мың тоннасы, Қырғызстанға 11 мың тоннасы жөнелтілді», - делінген баспасөз баянында.
Тоқтала кететін тағы бір жайт, биылғы маркетингілік жылы (шілде-қараша) 3,5 млн. тонна астық тиеліп, оның 2,36 млн. тоннасы экспортқа шығарылған. Есепті кезеңде 1 122 мың тонна ұн өнімдері тиелсе, оның ішінде 882 мың тоннасы экспортқа шығарылды.