Қазақстан темір жолы наурыздың 19-ынан бастап жаңа жолаушылар және қалааралық пойыздарды жолға шығарады

АСТАНА. Наурыздың 12-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ наурыздың 19-ынан бастап жаңа жолаушылар және қалааралық пойыздардың жолға шығатындығы туралы ақпарат таратып отыр.

Қазақстан темір жолы наурыздың 19-ынан бастап жаңа жолаушылар және қалааралық пойыздарды жолға шығарады

Аталған компанияның баспасөз қызметінің таратқан ақпаратына сәйкес, Астана мен Алматы қалаларының арасында үш күнде бір рет 15 вагоннан тұратын №36/35 жолаушылар пойызының бір құрамы қатынайтын болады. Пойыз Астанадан Алматыға 17 сағат 20 минутта, ал Алматыдан Астанаға 18 сағат 01 минутта жүреді. Екі аралықты жүру уақыты - 19 сағат 01 минут және сәйкесінше 20 сағат 44 минут.

Сондай-ақ аптасына екі мәрте (жұма, жексенбі күндері) Астана мен Павлодар қалаларының арасына 8 вагоннан тұратын №801/802 пойызы қатынайды. Жолаушылар көлігі Астанадан Павлодарға 17 сағат 30 минутта, ал Павлодардан Астанаға 8 сағат 45 минутта аттанады. Сондай-ақ олардың да екі аралықты жүріп өту уақыттары сәйкесінше 6 сағат 29 минут және 6 сағат 15 минутқа тең.

Ал Ақтөбе мен Алматы-2 арасына қатынайтын №34/33 жолаушылар пойызына қосымша 4-ші құрама енгізіліп, ол күн сайын (бұған дейін аптасына 4 рет) қатынайды.

Аталған жолаушылар пойызына билетті наурыздың 12-сінен бастап теміржол кассаларынан алуға болады.