«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ 2009 жылғы өндірістік-шаруашылық көрсеткіштер бойынша жеңімпазды анықтады

АСТАНА. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат - «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ 2009 жылғы өндірістік-шаруашылық көрсеткіштер бойынша 14 жол бөлімшелері арасында жеңімпазды анықтады,
None
None

деп хабарлады аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Орал жол бөлімшесі «Салалық жарыстың жеңімпазы» атағына ие болып, мекеме басшысы Дәулетбай Есімбеков «Үздік басшы» белгісімен марапатталған.

«Орал жол бөлімшесі - республика бойынша аса жауапты магистральдік желілердің бірі. Өйткені, ол Ресей теміржолымен екі телімде түйіседі. Оралдық теміржолшылар транзиттік жүктер мен халықаралық жолаушылар тасымалын уақытында, іркіліссіз атқарып отыруы тиіс. Бұл аумақта негізінен мұнай, газ, астық түрлері көп тиеледі. Өткен жылы жайықтықтар өздеріне берілген тапсырманы тыңғылықты орындады», делінген хабарламада.

2009 жылы оралдық теміржолшылар 17 өндірістік-шаруашылық көрсеткіштерінің 14-ін тыңғылықты орындады. Оның ішінде аса маңызды жүк айналымы, вагонды тиімді пайдалану, учаскелік және техникалық жылдамдық, пойыздың орташа салмағы, локомотив тартымы жөнінде жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Сонымен қатар бөлімшеде жыл бойы өндірістік ақауларға жол берілген жоқ. Еңбекті қорғау және қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету жоғары деңгейде атқарылды. Ағымдағы жылы да оралдық теміржолшылар алдарына жоғары міндеттер қойып, оны орындауға кірісіп кетті.

«Оралдық теміржолшылар бұл табыстарын Қазақстандағы тұңғыш темір жол қарлығашы Покровская Слобода - Орал темір жол учаскесінің 115 жылдығына арнап отыр. Осылайша, жайықтықтар ел теміржолшылары ішіндегі жетекшілік орынды сақтап қалды», деп нақтылай түскен баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар