«Қазақстан темір жолының» қызметкерлерін әлеуметтік қолдаудың 2010 жылғы бюджеті 3 млрд. 420 млн. теңгеден астам болды
АСТАНА. Шілденің 29-ы. ҚазАқпарат /Жанна Қорқытова/ - «Қазақстан темір жолының» қызметкерлерін әлеуметтік қолдаудың 2010 жылғы бюджеті 3 миллиард 420 миллионнан астам теңгені құрады, деп хабарлады компанияның баспасөз қызметінен. Бұл мәліметтер бірінші жартыжылдықты қорытындылауға арналған кеңесте жария етілді.
Компания еңбеккерлерін әлеуметтік қолдауға қарастырылған шығыстың жалпы сомасы 2010 жылы 3 420,712 миллион теңгені құрап отыр, ал былтырғы көрсеткіш - 3 393,0 миллион теңгені шамалаған болатын.
Ағымдағы жылдың басынан бері салада тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру басталды. Маусым айында компания президенті Қытаймен шекаралас Достық стансысының тұрғындарына 216 пәтердің кілтін табыс етті.
Бүгінгі таңда сондай-ақ, Алматы облысындағы сел тасқынынан зардап шеккен 20 үйдің құрылысы мен 23 үйдің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып келеді. Табиғи апат салдарынан зардап шеккен теміржолшылар 2010 жылғы тамыздың 5-іне дейін қоныс тойларын тойламақ.
Сонымен бірге қазір Астана әкімдігімен бірлесе отырып, сала еңбеккерлеріне жалға берілетін 20 пәтер берудің жайы шешілуде.
Әлеуметтік қолдау шаралары оң нәтиже беріп те жатыр: ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында теміржолшылардың еңбек өнімділігі, былтырғы кезеңмен салыстырғанда, 12 пайызға өсіп отыр.