Қазақстан теміржол инфрақұрылымында жастардың үлесі қанша

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ «Магистральдық желі дирекциясы» филиалының бас инженері Қайырбай Орынбаев теміржол желісін жөндеу бағдарламасының орындалуы туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теміржол инфрақұрылымында жастардың үлесі қанша

Атап айтқанда, бүгінде магистральдық теміржол желісінің ұзындығы 21 мың шақырымды құрайды. Оларды жоспарлы жаңғырту жол жүру бағытындағы жолаушылар үшін қауіпсіздік пен жайлылықты, жүктерді жеткізуде жеделдікті қамтамасыз етеді.

Теміржол инфрақұрылымына тоқталған Қ. Орынбаев, бұл салада жол шаруашылығы, электр желісімен жабдықтау шаруашылығы және автоматика мен механика, сондай-ақ вокзал шаруашылығы кіретінін айтты.

«Бұл инфрақұрылымда 47 400 адам жұмыс істейді, соның ішінде 84 пайызы ерлер, ал қалған 16 пайызы әйелдер. Салада қызмет ететіндердің арасында 30 жасқа дейінгі адамдар 17 пайызды қамтып отыр», - деді бас инженер.

Оның сөзіне қарағанда, былтыр инфрақұрылымға 110 млрд теңге бағытталды. Осы орайда 2018 жылы «ҚТЖ» ҰК» АҚ желілері бойынша 867 шақырым жол күрделі жөндеуден өтті. Жалпы, түрлі жөндеу қызметтерімен 1 015 шақырым желі жаңартылды. Жұмыстар ауыр типті жол машиналарын пайдалана отырып жүргізілді.

Белгілі болғандай, атқарылған жұмыстар жолаушылар пойыздарының қозғалыс жылдамдығын 585 шақырым желіде, ал жүк пойыздары бойынша 380 шақырым аралықта жылдамдық арттыруға мүмкіндік берді.