«Қазақстан темір жолы» компаниясының кәсіпкерге қатысты әрекеттері заңсыз деп танылды

Павлодар көлік прокуратурасы 7 ай бойы заңды жауап ала алмаған отандық инвестордың құқығын қорғады, деп хабарлайды Kazinform ҚР Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

прокуратура
Фото: Kazinform

Кәсіпкер Екібастұз қаласында 2021-2025 жылдарды қамтитын кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық инвестициялық жоба шеңберінде 2 млрд теңгеден астам сомаға аймақта ірі логистикалық және құрылыс орталықтарын салуды жоспарлаған. Кәсіпкерге жобаларды одан әрі толыққанды дамыту үшін кірме жол қажет болған.

Алайда «ҚТЖ» ҰК» АҚ және оның филиалдарының жеке лауазымды тұлғалары инвесторға оның құрылысына рұқсатты келісуден бас тартқан. Ал 2023 жылдың қазанында шағын бизнеске өз қаражаты есебінен ұлттық тасымалдаушының қажеттіліктері үшін қосымша жаңа темір жол төсемін салуды талап ететін техникалық шарттарды берген.

Айта кету керек, осыдан бұрын «ҚТЖ» ҰК» АҚ ұқсас жағдайда осы өңірдегі 3 кәсіпкерге теміржолдарға жанасу үшін техникалық шарттардың қажеттілігі жоқ екенін түсіндірген. Барлық жағдайда берілген жауаптарға бір басшы қол қойған.

Көлік прокуратурасының араласуынан кейін ғана ұлттық компанияның «ойдан шығарылған» әкімшілік кедергісі жойылды, кәсіпкер алдында қойылған талаптар кері қайтарылды.

Прокуратура актісі бойынша «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма басшылығымен техникалық шарттарды алу кезінде қосарланған стандарттарға жол берген лауазымды тұлғалардың кінәлілік дәрежесі және жауапкершілік түрі қарастырылуда.

«Магистралдық желі операторының мұндай заңсыз әрекеттері құрылыс материалдарының құнын арттыруға ықпал ететінін атап өтеміз»,-делінген Бас көлік прокуратурасының хабарламасында.