Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясының қарызы қанша
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясының өткен жылғы кірісі 84 пайызға, таза табыс 9 есе өсті.

- Соңғы төрт жылда Қазақстан темір жолы компаниясының көрсеткіші жақсарды. 2023 жылмен 2024 жылды салыстырып қарағанда кіріс 84 пайызға, таза табыс 9 есе өсті. Компания бүкіл несиені уақытылы төлейді, қазір Қазақстан темір жолы компаниясының борышы – 2,7 трлн теңге, - деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма мүшесі, экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Айдар Рысқұлов қорда өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, қарыз вагон құрамдарын жаңарту мен инфрақұрылымды дамытуға алынған.
Бұған дейін Қазақстан темір жолы компаниясы қомақты қарызын жабу үшін тарифті өзгертетіні туралы жазған едік.
Еске салайық, былтыр желтоқсанда Көлік министрі Марат Қарабаев Қазақстанда локомотивтердің тозу деңгейі 61 пайыз екенін айтты.
Айта кетейік, Қазақстан темір жолы компаниясы IPO-ға шығуға дайындалып жатыр. Оның IPO-ға шығу мерзімі 2027-2028 жылдарға ауысуы мүмкін.