Қазақстан теңгерімді сыртқы саясатын тек Батыспен ғана емес, Азия елдерімен де жалғастыра беретін болады
АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Қазақстан теңдестірілген сыртқы саясатын тек Батыспен ғана емес, Азия елдерімен де жалғастыра беретін болады.
Бұл туралы бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында мәлім етті.
Елбасының айтуынша, Қазақстан әлемдік саясаттың беделді қатысушысы ретінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту бағытында одан әрі белсенді жұмыс істейтін болады.
«Біз ядролық қауіпсіздік идеясы, ядросыз әлем атты жалпыға бірдей декларациясын қабылдау бойынша бастама көтердік. Ағымдағы жылдың наурызында Сеулде өтетін ядролық қауіпсіздік тақырыбына арналған жаһандық саммитте аталмыш декларация нақтыланып, толықтырылатын болады. Биыл Астана Экономикалық форумы үлкен маңызға ие болады. Онда біз ұсынып отырған «G-Global» атты әлемдік дағдарыстан шығудың жобасы талқыланады деп үміттенемін», - деді Президент.
«Қазақстанның сыртқы саясат бастамалары әлем қауымдастығының үлкен қолдауына ие болды. Оларда біздің келешектегі онжылдыққа арналған сыртқы саяси стратегиямыздың мәні жатыр. Біз теңгерімді сыртқы саясатымызды тек Батыспен ғана емес, Азия елдерімен де жалғастыра беретін боламыз», - деді Елбасы.
Мемлекет басшысы сонымен қатар, Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV құрылтайы өтетіндігін атап өтті.
«Біз Қазақстан ұсынған Жаһандық энергоэкологиялық стратегияның іске асырылуына үлкен күш салуымыз керек. Біз «жасыл» технологиялардың трансфертіне бағытталған «Жасыл көпір» атты Астана бастамасын жүзеге асыру бойынша одан әрі жұмысты жалғастыратын боламыз», - деді Н. Назарбаев.