Қазақстан теннисшілері бүгін тарихи жеңіске жетті – Елена Рыбакина

Оның сөзіне қарағанда, әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы Анжелика Кербермен ойын оңайға түскен жоқ.
«Мен әрқайсысымыздың соңғы ұпайға дейін күресетінімізді түсіндім. Жауапкершілік жүгі де жеңіл емес-ті. Дегенмен өз деңгейімді ойласам, бұдан да жақсы ойнауға болар еді. Анжелика да соны айтар, бәлкім. Өйткені топырақ төсенішіндегі корттарға енді-енді көшіп жатырмыз. Сондықтан бірден төселіп кету оңай емес. Кешегімен салыстырғанда, допты онша жақсы бере алмадым. Бірақ ақырында жеңіске жетіп, Қазақстан құрамасына шешуші ұпайды сыйлағаныма қуаныштымын. Бізді қолдаған жанкүйерлердің бәріне, сондай-ақ болбойларға, ұйымдастырушыларға, Болат Жәмішұлы бастаған Қазақстан теннис федерациясына зор ризашылығымды білдіргім келеді», деді Елена Рыбакина.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан құрамасының алғаш рет Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне шыққанын жазған едік.