Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстан теннисшілері халықаралық турнирдің негізгі кезеңінде сынға түседі

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада «Президент Кубогы» аясында өтіп жатқан ATP Challenger 50 санатындағы халықаралық турнирдің іріктеу кезеңі аяқталды. Негізгі кезең матчтары 11 тамызда Beeline Arena Ұлттық теннис орталығының корттарында басталады.

теннис
Фото: ҚТФ

Жекелей сында Қазақстан намысын Заңғар Нұрланұлы, Әмір Омарханов және Бейбіт Жұқаев қорғайды.

Бірінші айналымда Нұрланұлы ATP әлемдік рейтингінде 326-орында тұрған қытайлық Фацзин Сунмен кездеседі. Ал тағы бір матчта қазақстандық теннисшілер өзара сынға түседі: Әмір Омарханов пен Бейбіт Жұқаев екінші айналым жолдамасын сарапқа салады.

Кездесу 11 тамыз күні сағат 10:00-де басталады. Осылайша, бұл жұптың жеңімпазы Қазақстанның екінші айналымда өнер көрсетуіне кепілдік береді.

Жұптық сында Әмір Омарханов Даниал Рахматуллаевпен бірге өнер көрсетеді. Сондай-ақ жұптық турнирге қатысуы тиіс болған Дамир Жалғасбай мен Даниель Тазабеков денсаулық жағдайына байланысты жарыстан бас тартты.

«Президент Кубогы» (President's Cup) — Қазақстандағы тарихы терең әрі беделді халықаралық кәсіби теннис турнирлерінің бірі. Жарыс Астанада 1991 жылдан бері өткізіліп келеді, ал 2007 жылы халықаралық мәртебеге ие болды. Осы жылдар ішінде турнир кәсіби теннисті дамытуға және жаңа есімдерді танытуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды.

Әр жылдары «Президент Кубогында» қазақстандық Михаил Кукушкин мен Андрей Голубев, украиналық Илья Марченко, австриялық Себастьян Офнер, Германия құрамасының қазіргі капитаны Райнер Шуттлер, жұптық сында Australian Open және Roland Garros чемпионы Иван Додиг, жұптық сында «Үлкен дулыға» турнирлерінің екі дүркін жеңімпазы қытайлық Чжан Шуай және басқа да танымал теннисшілер топ жарған.

«Президент Кубогы» көптеген жылдар бойы жас теннисшілердің кәсіби мансабындағы маңызды баспалдақтардың бірі болып келеді. Турнир спортшыларға рейтингтік ұпай жинауға, халықаралық деңгейде тәжірибе арттыруға және кәсіби теннис аренасында өздерін танытуға мүмкіндік береді.

Қазақстандық теннисші, әлемнің 439-ракеткасы Денис Евсеев Гамбург (Германия) ATP Challenger турнирінің іріктеу сайысын сәтті аяқтағанын жазған едік.