Қазақстан терроризм қатері төмен мемлекеттер қатарында тұр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан терроризм қатері барынша төмен мемлекеттер қатарында тұр. Бүгін Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында экстремизм мен лаңкестікке қарсы іс-әрекет жөніндегі зерттеулер нәтижесі туралы баяндаған саясаттанушы Ерлан Қарин осылай мәлім етті.
«Жыл сайын түрлі халықаралық ұйымдар «терроризмнің жаһандық индексіне» қатысты көрсеткіштерді жариялап келеді. Атап айтсақ, Экономика және бейбітшілік институты террористік қауіп-қатерлерге қатысты 2011 жылы соңғы зерттеулерін жарыққа шығарды. Осы зерттеулерге қарағанда, Қазақстан террористік қауіп-қатерлер өткір болып тұрған елдерге жатпайды, керісінше бұл қатерге қатысты барынша жағымды мемлекеттер қатарында тұр», - деді Ерлан Қарин.
Оның пайымынша, бұл аса маңызды мәселе, өйткені, соңғы екі-үш жылда елімізде орын алған терроризммен байланысты оқиғаларға шетелдік сарапшылар «Қазақстанды тәуекелі жоғары елдер қатарына жатқызатындай» асығыс мәлімдеме жасаған болатын.
«Шынайы жағдайға келсек, терроризм қаупін бағалаудың түрлі жаһандық индекстері бойынша Қазақстан лаңкестік қатерлер барынша төмен мемлекеттер қатарында тұр. Бұны әр түрлі институттардың мәліметтері растайды. Сонымен қатар, АҚШ-та орналасқан аса ірі талдау-сараптамалық орталығы өз сараптауларында тіпті Қазақстанды қоспаған. Оның себебін өз ойымша топшылай кетсем, ондай институттар Қазақстанның аумағында орын алған оқиғаларды террористік актілер ретінде жіктемейді және террористік актілерге жатқызбайды да. Әрине, әр түрлі құрылымдар бұл оқиғаларды әр түрлі бағалайды, дегенмен олардың басым бөлігінде сарапшылардың пікірі бір-бірінен алшақ емес», - деді Е. Қарин.