Қазақстан терроризммен күрестегі әдіс-тәсілдерімен бөлісуге және басқа елдің тәжірибесін зерттеуге дайын - Б.Сағынтаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Республиканың ұлттық заңнамасын халықаралық міндеттермен сәйкестеу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып табылады. Бүгін ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың (ЕАТ) XXIV жалпы отырысы барысында осылай мәлімдеді, деп хабарлайды primeminister.kz сайты.
«2008 жылы құзіретті органдар - ҚР ҚМ Қаржылық мониторинг жөніндегі комитет, құқық қорғау органдары, мониторингті реттегіштер мен субъектілерден құралған қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың ұлттық жүйесі құрылған болатын, Ұлттық заңнаманы халықаралық қабылданған міндеттермен сәйкес келтіру Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «ҚР құқықтық саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы» бағдарламалық құжатында белгілеген мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып табылады», - деді Б.Сағынтаев.
Үкімет басшысының орынбасары «Қазақстан әрдайым өзінің шетелдік серіктестерімен барлық мәселелер бойынша диалогқа ашық екенін және өз әдіс-тәсілдерімен бөлісуге, әлемдік зұлымдықпен күрестегі басқа елдердің тәжірибесін қолдануға дайын екенін» атап өтті.
Оның айтуынша, Қазақстан тұрақтылықты сақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адамзат пен әлемге төнген қауіп-қатерге қарсы әрекет ету бойынша барлық қажетті шараларды қолдануда. Бұл терроризм мен экстремизмге, сондай-ақ мемлекет пен жалпы өңірдің негізін бұзатын қылмыстарға қатысты.
Қаржылық мониторинг жөніндегі комитет 2011 жылдан бастап «Эгмонт» қаржылық барлау бөлімшелері тобының мүшесі болды, бұл 150 елмен жедел ақпарат алмасуға мүмкіндік беретінін айта кеткен жөн. Белсенді өзара іс-қимыл мен ақпараттық алмасу Ұлыбритания, АҚШ, Австрия, Швеция, Ресей, Қырғызстан, Балтық маңы және басқа елдермен жүргізілуде.