Қазақстан ТМД аясындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі - Смайылов

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан ТМД аясындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі. Бұл туралы ТМД Үкімет басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан ТМД аясындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі - Смайылов

«Өткен жылы ТМД 30 жылдық мерейтойын атап өтіп, бүгінде Достастық дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Осы жылдар ішінде ұйым өзінің қажеттілігін дәлелдеп, елдеріміз арасындағы достық қарым-қатынастың берік іргетасына айналды. Көпқырлы ынтымақтастық өзара сенім, прагматизм және мүдделер теңгерімін сақтау қағидаттарын ескере отырып құрылған», - деді Әлихан Смайылов.

ҚР Үкімет басшысы мұндай өзара іс-қимыл әлемдік экономикада болып жатқан жағымсыз үрдістерді төмендетуге мүмкіндік беретіндігін, өзара тиімді әріптестікті дамытуға ықпал ететіндігін баса айтты..

«Ұйым аясында қабылданған іс-шаралардың арқасында білім беру, медициналық-әлеуметтік, азаматтық-құқықтық сипаттағы көптеген мәселе сәтті шешілді. Азаматтарымыздың Достастық мемлекеттері арасында визасыз жүріп-тұру мүмкіндігі бар. Қазақстан ТМД-ның белсенді қатысушыларының бірі ретінде ынтымақтастықты кеңейтуге, әлеуетті нығайтуға және оның мүмкіндіктерін ашуға мүдделі», - деді ҚР Премьер-Министрі.










Фото: t.me/KZgovernment