Қазақстан төлқұжаты - саяхаттардың әлемдік рейтингінде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Global Passport Power Rank 2018 саяхаттауға тиімді төлқұжаттардың жаңа рейтингін жариялады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.

Қазақстан төлқұжаты - саяхаттардың әлемдік рейтингінде

Ең өтімді төлқұжат иесі 2017 жылдағы секілді Германия азаматтары болып қалды. Германия азаматтары үшін визасыз елдердің саны 158-ден 161-ге дейін артты.

2-орындағы Сингапурдың төлқұжаты бар адам 160 елге виза рәсімдемей бара алады. Рейтингінің екінші орнын, сонымен қатар Дания, Швеция, Финляндия, Италия, Франция, Испания, Оңтүстік Корея елдері де бөлісіп тұр.

Украина 30-орында тұр. Киев 122 елмен визасыз режим енгізген.

Азаматтарына 109 елге визасыз баруға мүмкіндігі бар Ресей 42-орыннан 40-орынға көтерілді.

108 елмен визасыз режим орнатқан Түркия 41-орынға табан тіреді.

Молдова мен Грузия 42-орында, бұл елдердің азаматтары 106 елге визасыз баруына болады.

Қазақстан 59-орында келеді. Біздің қолымыздағы төлқұжат 71 елге еркін саяхаттауға мүмкіндік береді. Қазақстанмен бірге Беларусь та 71-орында тұр.

64 елге визасыз баратын Әзербайжан мен Қытай 65-орында.

Қырғызстан (визасыз режим енгізілген 59 ел) 69-орында Армениямен бірге тұр.

58 елмен визасыз режим енгізген Моңғолия 70-орында болса, Өзбекстан, Тәжікстан, Үндістан елдері 72-орында (55 ел).

Түрікменстан 77-ші (50), ал тізімнің соңғы 94-қатарын азаматтары 25 елге еркін баратын Ауғанстан қорытындылады.