Қазақстан Цифрлық қоғамдық игіліктер альянсына қосылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен құрылған Цифрлық қоғамдық игіліктер альянсының (DPGA) мүшесі атанды. Бұл туралы Парижде өткен Альянс мүшелерінің жыл сайынғы кездесуінде жарияланды.

Қазақстан Цифрлық қоғамдық игіліктер альянсына қосылды
Фото: Kazinform/ЖИ

Қазақстанның Альянсқа қатысуына Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ қолдау көрсетеді. Ел халықаралық ұйым аясында мемлекеттік басқаруды цифрландыру тәжірибесімен бөлісіп, бірлескен жобаларға қатысуды және цифрлық қоғамдық игіліктерді әзірлеу мен енгізу бойынша халықаралық тәжірибені зерделеуді жоспарлап отыр.

Қазақстан Альянс жұмысына үш негізгі бағыт бойынша үлес қоспақ

Біріншісі — жасанды интеллект негізіндегі цифрлық қоғамдық игіліктерді зерттеу. Бұл бағытта Азия даму банкімен және БҰҰ университетімен бірлесіп, ашық әрі қолжетімді ЖИ жүйелерін әзірлеу және тарату бойынша зерттеулер жүргізіліп, тиісті ұсынымдар сынақтан өткізіледі.

Екіншісі — ашық бастапқы кодқа негізделген цифрлық шешімдерді ілгерілету. Қазақстан өз әзірлемелерін Цифрлық қоғамдық игіліктер стандартына сәйкестендіріп, халықаралық деңгейде тарату мүмкіндіктерін қарастырады.

Үшіншісі — әлеуетті арттыру және білім алмасу. Қазақстан «50-in-5» халықаралық науқаны аясындағы тәжірибесіне сүйене отырып, цифрлық мемлекеттік басқару жүйелерін әзірлеу мен пайдалану жөніндегі білімімен басқа елдермен бөлісуге дайын.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ электрондық үкімет инфрақұрылымы мен Ұлттық жасанды интеллект платформасының ұлттық операторы ретінде осы бағыттарға техникалық және практикалық қолдау көрсетеді.

Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкиннің айтуынша, Альянсқа мүше болу елге цифрлық шешімдердің қолжетімділігін арттыруға, оларды қайта пайдалануды кеңейтуге және мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға үлес қосуға мүмкіндік береді.

Ал Цифрлық қоғамдық игіліктер альянсы Хатшылығының бас директоры Лив Марте Нордхауг Қазақстанның қосылуы азаматтардың мүддесіне бағдарланған цифрлық мемлекеттік басқаруды дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Айта кетейік, Цифрлық қоғамдық игіліктер альянсы — БҰҰ қолдауымен құрылған халықаралық бастама. Ол ашық бастапқы кодқа негізделген бағдарламалық қамтамасыз етуді, ашық деректерді, жасанды интеллект модельдерін, стандарттар мен контентті дамытуға және таратуға бағытталған. Мұндай шешімдер дербес деректерді қорғау талаптарына сай болып, зиян келтірмеуі және БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына ықпал етуі тиіс.

Бұған дейін AI-Quryltai жасанды интеллект платформасының көмегімен алғаш рет заң жобасы әзірленгенін жазғанбыз.