Қазақстан туберкулез дерті бойынша ТМД және Еуропа елдері арасында алдыңғы орында тұр
АСТАНА. 18 мамыр. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстан туберкулез дерті бойынша ТМД және Еуропа елдері арасында алдыңғы орында тұр.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Динар Нөкетаева осылай мәлім етті.
«2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының негізгі мақсаттарының бірі денсаулық сақтау саласында 2015 жылға қарай еліміздегі туберкулез ауруын 10 пайызға, 2020 жылға қарай 20 пайызға дейін төмендету міндеті қойылған. Бұл мақсатқа денсаулық сақтау нысандарының құрылысын салу және құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, мамандар дайындау мен салауатты өмір салтын ұстану бағытында мемлекеттік шаралар кешенін іске асыру арқылы жетуге болады. Өйткені, бүгінгі күні туберкулезбен ауыратындар саны азайды дегенімізбен, бұл мәселе әлі өткір жағдайда тұр», - дейді депутат. Оның сөзіне қарағанда, елімізде соңғы жылдары туберкулез ауруымен тіркелгендердің көрсеткіші біршама жоғары болып отыр. Өкінішке орай Қазақстан туберкулез дерті бойынша ТМД және Еуропа елдері арасында алдыңғы орында тұр.
«Экологиялық жағдайдың нашарлауы, көші-қон процестері, тұрғындардың өмір сүру деңгейінің төмендеуі, өткен жылдардағы денсаулық сақтау саласының жеткілікті қаржыландырылмауы, соның ішінде туберкулезге қарсы іс-шаралардың толық жүргізілмеуі елдегі эпидемиологиялық жағдайдың әлдеқайда нашарлауына алып келді. Егер бұрын негізінен туберкулезбен әлеуметтік жағдайы төмен адамдар көбірек ауыратын болса, енді қазір ауқатты адамдардың да осы дертке шалдығатыны анықталып отыр. Сондықтан бүгінгі таңда туберкулезге қарсы іс-шаралардың барлық деңгейде кешенді түрде орындалуы талап етілетіні сөзсіз», - деді Д. Нөкетаева. Бұдан бөлек, депутат Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Қаракестек ауылында 1932 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан туберкулез ауруханасының бүгінгі ахуалына тоқтала келе, нысанның қай қырының да заман талабына сай еместігін атап өтті. «Бұл ғимарат күрделі жөндеуге де жатпайды. Жаңа заманға лайықты 70 орындық аудандық аурухана кешенін салу қажет», - деді ол.