Қазақстан туы Брюссельдегі Гран-Пласта алғаш рет көтерілді
АСТАНА. KAZINFORM — Бельгиялықтар Королі және Патшайымының Қазақстанға мемлекеттік сапарына орай және Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығы құрметіне әйгілі Гран-Пласта орналасқан Брюссель ратушасы ғимаратында еліміздің мемлекеттік туы алғаш рет көтерілді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Брюссель қаласы билігі мен Бельгия Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен өткен символдық мәні бар осынау оқиға екі ел арасындағы достықтың, өзара құрметтің және одан әрі нығая түскен серіктестіктің белгісі болды.
Осы оқиғаға орай, бүгін ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген Гран-Пласқа Қазақстан елшілігінің өкілдері, қазақстандық студенттер, Бельгияда тұратын отандастар, сондай-ақ Брюссельге келген туристер мен қонақтар жиналды.
Ұлттық киім киген қазақстандық студенттер музыкалық флешмоб ұйымдастырып, іс-шараның көркін ашты. Қонақтар сондай-ақ қазақ мәдениетінің элементтерімен танысып, ұлттық тағамдардың дәмін тату мүмкіндігіне ие болды.
— Біз Брюссель орталығында Қазақстан туын көргенімізге қуаныштымыз. Біз осында оқимыз, өзіміз де Бельгия мәдениетін үйреніп, достарымызды Қазақстанмен таныстыруға тырысамыз. Мұндай іс-шаралар елдерімізді одан әрі жақындата түседі, — деп атап өтті «Qazaq Society in Belgium» студенттік ұйымының жетекшісі Назгүл Нұрғали.
Брюссель қалалық әкімшілігінде Қазақстан туының көтерілуі достықтың және Қазақстан мен Бельгия арасындағы қарым-қатынастың нығаюының тағы бір символына айналды.
Еске сала кетейік, Қазақстан Бельгияның 12 университетімен келісімшарт орнатады.