Қазақстан тумасы Калифорниядағы өрт туралы: Барлығы күлге айналды
АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-тың Калифорния штатында алапат орман өртіне байланысты төтенше жағдай жарияланды. Куәгерлер әлеуметтік желілерде оқиға орнынан алынған кадрлармен бөлісіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биылдың өзінде бірнеше рет осындай алапат өрт болды, Калифорния үшін бұл әдеткі құбылысқа айналған. Тоқтаусыз соққан күшті жел жағдайды қиындата түсті, оның үстіне қазір ауа да өте құрғақ болып тұр», - дейді Қазақстан тумасы Евгений Колесников.
Оның сөзіне қарағанда, кеше Лос-Анджелес маңындағы өзі тұратын Шерман-Оукс күлге айналды.
Калифорния штатының губернаторы Джерри Браун өртке қарсы күреске бүкіл мүмкіндіктер жұмсалып жатқанын мәлімдеді.
БАҚ-тың мәліметтеріне қарағанда, алапат өрт Нью-Йорктің аумағындай жерді шарпыған. Соңғы деректер бойынша, Калифорнияда орман өртінен 43 адам мерт болып, келтірілген залал 3,3 миллиард доллардан асып жығылады.
Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ-тың Калифорния штатындағы орман өрті салдарынан 27 мыңнан аса тұрғынның үйлерін тастап шығуға мәжбүр болғандығы туралы хабарлаған болатынбыз. https://kaz.inform.kz/news/kaliforniyada-ort-27-myn-adam-evakuaciyalandy_a3093589