Қазақстан тұңғыш рет Қытай нарығына бидай кебегін экспорттамақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары  Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов бастаған Қазақстан делегациясының Қытай Халық Республикасына сапары жалғасуда. 

Қазақстан тұңғыш рет Қытай нарығына бидай кебегін экспорттамақ

Сапар аясында делегация  ҚХР Сапаны қадағалау, инспекция және карантин жөніндегі бас басқармасының төрағасы Чжи Шупинмен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кездесу барысында тараптар Қазақстанның ауылшаруашылық өнімдерінің Қытай нарығына кіруі мен шектеулерді алу мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, Қытай тарапы ҚХР-дың жеткізуші компаниялар реестріне енгізу үшін биылғы  сәуірде қой етінің өндірісі жүйесін және ет өңдеуші кәсіпорындарды инспекциялайтынын растады. Қазақстаннан Қытайға экспортталатын 34 өнімге қатысты ветеринарлық және фитосанитарлық талаптар туралы Хаттама жобасын қабылдауды жылдамдату мәселесі де сөз болды. Сондай-ақ, Қазақстан тарапы ел аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін бақылауға арналған біріккен зертхана құру туралы бастама көтерді.

null 

Кездесу қорытындысына сәйкес көршілес елге экспортталатын бидай кебегі партияларына қойылатын инспекция, карантин және санитарлық талаптар туралы Хаттама жасалды.  Осы келісімнің арқасында қазақстандық бизнесмендер алғаш рет Қытай нарығына бидай кебегін экспорттауға қол жеткізбек.

Еске сала кетейік, екі күндік жұмыс сапарының аясында қазақстандық делегация Қытайдың Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚХР Халықаралық сауда-саттыққа атсалысу комитеті, ҚХР Коммерция министрлігі басшылығымен және де жергілікті бизнес қауымдастығы өкілдерімен кездеспек. Онда екі елдің сауда-саттығы үшін аса маңызды бірқатар мәселелер шешімін табады деп күтілуде.