«Қазақстан туралы білгіңіз келсе, Парижге барыңыз!» - республикалық басылымдарға шолу

***
«Егемен Қазақстан» басылымның сейсенбілік нөмірінде Елбасының 2009 жылы атқарған жұмыстарына шолу жасалған көлемді мақала жарияланды. Мақала авторы - ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбеков. Оның жазуынша, жыл ішінде Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен 500-ден астам хаттамалық іс-шаралар өткен. Атап айтқанда, Елбасы шет елдерге, ел өңірлеріне жұмыс сапарларына шыққан. Түрлі кеңестердің, халықаралық және республикалық форумдардың жұмысына қатысып, шетелдік мемлекет және қоғам қайраткерлерін қабылдаған. Жұртшылықпен және еңбек ұжымдары өкілдерімен кездесіп, өнеркәсіп орындары мен әлеуметтік нысандарда болған. Президент 2 мыңнан астам құжатты қарап, қол қойған. Оның ішінде - 120 заң, 192 жарлық, 104 өкім, 16 кеңес хаттамасы, 1,5 мыңға тарта қызметтік құжат, талдау және ақпараттық-анықтамалық материалдар, 162 азаматтар арызы мен хаттары болған. Осы кезеңде Н.Ә.Назарбаев шет елдерде 44 күн, Қазақстан өңірлерінде 46 күн - барлығы 90 күн іссапарда болған. Елбасының 2009 жылы атқарған жұмыстары жайлы «Президенттің жұмыс кестесі: 2009 жылдың негізгі қорытындылары» атты көлемді мақаладан егжей-тегжейлі оқи аласыздар.
Өткен жылғы Мемлекет басшысының жұмыс кестесі «Казахстанская правда» газетінің назарынан да тыс қалмаған. «2009 жыл Қазақстан үшін, бір жағынан, әлемдік экономикалық дағдарыстың әсерінен туындаған әлеуметтік-экономикалық проблемаларды белсенді әрі жүйелі түрде шешу, екінші жағынан, әлеуетті арттырып, болашаққа бағытталған жаңа мүмкіндіктер жасау уақыты болды. Осының бәрі жинақтала келе, Мемлекет басшысының әдеттегідей тығыз да қарқынды болатын жұмыс кестесінің мазмұнынан өз көрінісін тапты», деп жазады басылым.
«Қазақстан туралы білгіңіз келсе, Парижге барыңыз!». «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында жарық көрген мақалада Францияның экономикалық және саяси элитасын қоса алғанда, бүкіл еуропалықтарға танымал 100 мыңнан аса таралымы бар «L'Essentіel des relatіons іnternatіonales» атты журналы нөмірінің 100 бетін тек Қазақстанға арнағандығы айтылған. Аталған журналдың мұқабасында Елбасының суреті мен «Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ басшылығында» деген тақырып берілген. «Француздар тек өз тілінде ғана емес, сонымен қатар, ағылшын тіліне аударып, Ұлыбритания, АҚШ, Германия және Австрия сынды алпауыт елдерге таратуды да бастап кеткен екен. Мұны аз десеңіз, Францияның ірі дистрибьютерлік желісі журнал мұқабасы бейнеленген екі метрлік постерді елдегі барлық газет сататын дүңгіршектерге орналастырып үлгеріпті. Қазір еуропалықтар аумағы жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын осынау ғажайып елді көзбен көріп, қолмен ұстағандай жағдайда тамашалауда», деп жазады ел газеті.
Осы жағымды жаңалық «Алаш айнасы» газетінің назарынан да тыс қалмаған. Басылым шетелдік саясаткер Эмери де Монтескьенің журналда жарық көрген «Он сегіз жыл - бұл кемелдену жасы. Қазақстан әлемнің көптеген елдері үлгі алар ішкі және сыртқы саясатқа қол жеткізді. Тәуелсіздік алған жылдары бұл елге кейіннен Президент Н.Назарбаев бас тартқан кеңестік ядролық қару мұраға қалған болатын. Әйгілі саясаткер әрі елінің патриоты әлем алдында өз елі үшін осындай батыл қадамға барды. Қазір Қазақстанда 100-ден аса ұлт, 50-ден аса дін өкілдері тату-тәтті тірлік кешіп жатыр. Төрағалық етуші жас демократиялық елдің жоспарында көптеген тың пікірлер мен соны ұсыныстар бар. Соның ішінде Ұйым саммитін өткізу идеясы тұр. Шығыс пен Батыс арасында көпір іспеттес бұл мемлекетті сәттіліктер күтетініне сенімдімін», деген ой-пікірін жариялапты.
Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Үкіметте кезекті селекторлық кеңес болып өтті. Онда Мемлекет басшысы міндеттеген республикамызды жедел түрде индустрияландыру жоспарының бастау алу мәселесі қаралды. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Жеделдете индустрияландыру бесжылдығы басталды» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Басылымның жазуынша, 2010 жылы еліміз бойынша 134 индустриялық-инновациялық жоба іске қосылмақ. Бұл тізімге тек сметалық құны 1 млн. АҚШ долларынан асатын жобалар ғана енгізілген. Қазіргі күнге дейін белгіленген жоспар бойынша, оның ішіндегі 78 жоба биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін, қалған ірі 56 жоба жыл аяғына дейін пайдалануға берілмек.
Үкіметтегі селекторлық кеңес арқау болған келесі мақала «Жоба «жауған» 1 сағат 1 минуттық жиын» деген тақырыппен «Алаш айнасы» газетінде жарияланған. Басылым Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешевтің «Бұл жобаларға 800 млрд теңгеден астам инвестиция құйылады. Сонымен қатар құрылыс жұмыстарына 16 мыңнан адам тартылған. Аталмыш 134 жобаның іске қосылуының нәтижесінде тағы 17 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары құрылады», депті.
Ал осы алқалы жиын арқау болған тағы бір мақала «Үкімет «күн тәртібіндегі» күрделі мәселелерге көшті» деген тақырыппен «Айқын» газетінің сейсенбілік санында берілген. Басылымның жазуынша, Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев Сырдария өзенінің арнасынан асып, елді мекендерді су басу қауіпі жоқ екендігін мәлімдеген. Министрдің айтуынша, Шардара су қоймасындағы судың көлемі 3 млрд 350 миллион текше метрді құрайды. Бұл былтырғыға қарағанда шамамен 200 миллион текше метрге көп. Дегенмен биыл миллиард текше метр су жаңадан салынған алып құрылғы - Көксарай су реттегішіне жіберіледі. Өз кезегінде Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко 2010 жылы Көксарай су реттегішінің құрылысын жалғастыруға 15 миллиард теңге жұмсау жоспарланғанын жеткізген.
2010 жылғы үкіметтің алғашқы жиыны жайында «Казахстанская правда» басылымы да егжей-тегжейлі жазған.
Кеше ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың Австрия Республикасына басталған сапарының басты іс-шарасы - еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағалығына ресми кірісу рәсіміне қатысу. Бұл оқиға 14 қаңтарға белгіленген. Осы айтулы шараға орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Төрағалық табалдырығында» атты мақала берілді. «Төраға ел ретінде Қазақстан жыл бойынша ЕҚЫҰ-ның атынан сан түрлі халықаралық іс-шараларда сөйлейтіні өзінен-өзі түсінікті. Биыл кәрі құрлық атынан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінде, Еуропа Кеңесінде және НАТО-да сөз сөйлеу құрметі бізге тимек. Жыл бойында екі рет ЕҚЫҰ Үштігінің, сондай-ақ Еуроодақтың министрлер және елшілер деңгейінде консультациялар алмасуы өткізілмек», деп жазады басылым.
Осы айтулы шараға орай жарық көрген келесі мақала «Литер» газетінде жарияланған. Онда «Бұл тек біздің еліміздің тарихындағы ғана айтулы оқиға емес. ЕҚЫҰ жұмысын алғаш рет Еуропада емес, Азия аумағында орналасқан мемлекет басшылық жасайды. Сонымен қатар Қазақстан бұл құрметті халықаралық ұйымның иерархиясында осындай жоғары мәртебеге ие болған бірінші посткеңестік мемлекет», делінген.
***
«Париж Мұстафаны дәріптеді». Осы тақырыппен «Алаш айнасы» газетінде жарық көрген мақалада қазақ халқының біртуар мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқайдың туғанына 120 жыл толуына орай Парижде арнайы еске алу рәсімі өткізілгені жазылған. М.Шоқай атындағы қазақ-француз достық қоғамы ұйымдастырған осы шараға Қазақстанның Франциядағы елішілігінің өкілдері, Париждің Мұстафа ғұмыр кешкен Ножан ауданының әкімшілік қызметкерлері, диаспора өкілдері және жергілікті зиялы қауым өкілдері қатысып, ұлы қайраткер туралы жүрекжарды ой-тұжырымдарымен бөліскен.
***
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың күнделікті атқаратын алуан түрлі шаралары жалпы жұртты қызықтырары анық. Осыған орай «Айқын» басылымы ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбековті әңгімеге тартқан. «2010 жылғы сәуірде АҚШ-та жоспарланып отырған Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммит қарсаңында Н.Ә.Назарбаевтың Семей ядролық полигоны жабылған күн - 29 тамызды Дүниежүзілік ядролық қаруды сынақтан өткізуге қарсы іс-қимыл күні деп жариялау туралы ұсынысы да маңыздылыққа ие болды. Бұл идеяны «ядролық клуб» елдерін қоса алғанда, әлемнің жетекші мемлекеттері қолдап, БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен мақұлданды», депті әңгіме барысында М.Қасымбеков.
«2013 жылы елімізде ресейлік «Ту-410» ұшағы құрастырылатын болады. Ұшақ жинау өндірісін «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының еншілес кәсіпорны Шымкенттегі «Оңтүстік-авиа» қолға алады», деп жазады «Айқын» газеті. Басылымның хабарлауынша, жоба үш жылдан кейін толық күшіне енбек. Қазір ұшақ Мәскеу авиация институтында сынақтан өтіп жатқан көрінеді. Оған салынған инвестицияның бастапқы мөлшері шамамен 90 миллион теңгені құрайды.
***
«Астана ақшамы» басылымның жазуынша, ертең Австрияның астанасы Венада К.Байсейітова атындағы Опера және балет театрының музыканттары қазақтың төл туындыларын орындамақ. Осыған орай еліміздің бір топ өнер шеберлері Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне байланысты Ховбург және Габсбург император сарайында өнер көрсетеді. Аталған жайт өзек болған «Штраустың отанында шырқайды» атты мақаланы басылымның бүгінгі санынан егжей-тегжейлі оқи аласыздар.
Осы басылымының 2-5-ші беттерінен елорда аудандарының 2009 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есептерімен жан-жақты таныса аласыздар.