Қазақстан тұрғындарының 50 пайызға жуығы интернетпен қамтамасыз етілген - А.Жұмағалиев

Бұл туралы бүгін елорданың инновациялық дамуына арналған «Smart Astana-2011» конференциясы барысында ҚР Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев мәлім етті.
Қазіргі таңдағы еліміздегі телекоммуникация саласының даму жағдайына жеке-жеке тоқталып өткен министр: «Телекоммуникациялық желілер тұрғысынан алып қарағанда, әрине, сала қарапайым сандардан, атап айтқанда абоненттер, интернет пайдаланушылар санынан-ақ көрініс табады. Және де осы салада Қазақстан айтарлықтай жақсы қарқынмен дамуда», - деді.
Оның атап өтуінше, ұялы желі абонеттерінің саны 137 пайыздан асып түскен. Бұл қазіргі таңда Қазақстан тұрғындарының әрқайсысында 1 телефоннан, кей жағдайларда 2-3 телефоннан бар дегенді білдіреді.
«Интернет пайдаланушылар тұрғысынан алып қарасақ, бұл цифр 41 пайыздық межені еңсерді. Сонымен қатар нақты Астана қаласы туралы айтар болсақ, онда бұл жердегі интернет пайдаланушылардың саны 47 пайыздан асып жығылады», - деді А.Жұмағалиев.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда еліміздегі сандық жүйеге көшу шегі 90 пайыздан асса, ал елордада 100 пайызға жеткен. «Әрине, менің Қазақстанда ADSL сынды технологияны қамтитын ең жаңа технологиялар, интернет, ұялы байланыс қарқынды дамып келе жатқандығын атап өткім келеді», - деді ол.