Қазақстан түрiктерi қауымдастығы былтыр туризм саласына 125 млн. доллар инвестиция тартты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық түрiктер былтыр елiмiздiң туризм саласына 125 млн. АҚШ доллары көлемiнде инвестиция тартты. Бұл туралы бүгiн Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесiнiң мүшесi, «Ахыска» Қазақстан түрiктерi қауымдастығының төрағасы Зиятдин Касанов мәлiм еттi.

Қазақстан түрiктерi қауымдастығы былтыр туризм саласына 125 млн. доллар инвестиция тартты

«Қазақстандық қоғамның мүшесi ретiнде бiз Қазақстанның әлеуметтiк және экономикалық жағдайына өз үлесiмiздi қосып келемiз», - дейдi З. Касанов.

- Бiз Түркия үкiметiмен байланыс орната отырып, Талғар қаласында аз қамтылған отбасы балаларына арнап, Қазақ-Түрiк лицейiн салдық. Жоба құны шамамен 10 миллион АҚШ долларын құрады. Онда 500 бала бiлiм ала алады, 350 балаға жатақхана да қарастырылған. Ол жерде күнiне 5 рет тамақтандыру ұйымдастырылған. Оқу бағдарламасы мемлекеттiк, ағылшын және түрiк тiлiнде жүредi. Сондай-ақ, Қазақстанда 18 спорт зал мен көптеген мешiт салдық».

Этномәдени бiрлестiктiң төрағасы атап өткендей, Қазақстан түрiктерi әрдайым үкiмет жарияланған барлық әлеуметтiк жобаларға қатысуға тырысады.

«Тек 2014 жылдың өзiнде туризм саласына 125 миллион доллар инвестиция тарттық. Сонымен қатар, су шайып кеткен Қызылағашты қалпына келтiруге белсендi қатыстық. Қазiр онда бiрлестiк көмегiмен монша мен спортзал пайдалануға берiлдi. Батыс Қазақстанда, Оңтүстiк қазақстан облыстарында болған су тасқындарының салдарларын жоюға күшiмiздi салдық. Биыл да Қарағанды облысында тасқын сулардан зардап шеккен халыққа 140 тонна алғашқы көмек тауарларын жiбердiк», - деп атап өттi З. Касанов.

Айта кетейiк, биылғы жыл Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жарияланған болатын. Соның аясында этномәдени бiрлестiктер iрi әлеуметтiк және мәдени iс-шараларды қолға алуда. Сонымен қатар ҚХА-ның «Бейбiтшiлiк пен келiсiм жол картасын» жасауда өз үлесiн қосуда.