Қазақстан туристік бағыттарды қалай дамытып жатыр

АСТАНА.KAZINFORM – Астана мен Алматының туристік мүмкіндіктерін бір бағытта дамыту мәселесі туралы AIMAQ подкастының жаңа шығарылымында сарапшылар айтып берді.

внутренний туризм
Фото: Kazinform/ЖИ

Astana Tourism туризмді дамыту орталығының туристік бағыттар мен қызметтерді дамыту департаментінің директоры Ольга Абельдинованың айтуынша, Алматы туристерді табиғи көрікті жерлерімен, асқар тауларымен және өзіндік мәдениетімен қызықтырса, Астана заманауи сәулетімен, іскерлік кездесулерімен және түрлі мәдени-көпшілік іс-шараларымен ерекшеленеді.

– Бүгінде Алматы мен Астана бір-бірін жақсы толықтырады. Біз әуе компанияларымен бірлесіп, екі қаланы қамтитын туристік ұсыныстар мен сапарды қолжетімді ету жолдарын қарастырып жатырмыз. Шетелдік турист үшін алдымен елордаға келіп, одан кейін Алматыға ұшып барған өте тиімді, – деді ол.

Ішкі туризммен айналысатын Skyway туроператорының жетекшісі Әсем Қозбағарова да туристердің екі қаланы бір сапар аясында аралауды қолға алғанын растады.

Оның айтуынша, саяхатшылар Алматыға ұшып келіп, одан әрі Орталық Азия немесе Кавказ елдеріне жол тарта алады. Кейін Қазақстанға Астана арқылы қайта оралуына да мүмкіндік бар.

Жаңа әуежай және халықаралық рейтинг

Сарапшы туризмді дамытуда әуе қатынасының маңызы зор екенін де атап өтті. Оның пікірінше, жаңа әуежайдың салынуы, әуе компанияларының қатары мен рейстер санының артуы Қазақстанға келетін шетелдік туристер санын көбейтуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Астананың халықаралық Lonely Planet саяхатшыларға арналған басылымының ұсыныстар тізіміне енуіне қатысты Әсем Қозбағарова мұндай жарияланымдар қаланың танымалдылығын арттыратынын, алайда оның нәтижесі бірден байқалмайтынын айтты.

– Бұл қала үшін қосымша жарнама. Соның арқасында әлемнің басқа елдеріндегі адамдар Қазақстан мен оның астанасы туралы біле бастайды. Бірақ мақала бүгін жарияланды екен деп, ертең туристер ағылып келеді деуге болмайды. Мұндай қызығушылықтың қалыптасуына жылдар қажет болуы мүмкін. Адамдар біртіндеп қала туралы ақпарат жинап, оған деген қызығушылығы артады. Сөйтіп, бір-екі жылдан кейін саяхатын жоспарлауы мүмкін, – деп түсіндірді ол.

Айта кетейік, еuronews Алматыдағы туризм туралы үш тілде мақала жариялаған еді.