Қазақстан туризм саласы бойынша әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингінде алға жылжыды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан туризм саласы бойынша әлемдік бәсекеге қабілеттілік индексінде өз позициясын жақсартты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ҚР МСМ Туризм индустриясы комитетінің басшысы Марат Иғалиға сілтеме жасап.
«Қазақстан туризм саласы бойынша әлемдік бәсекеге қабілеттілік индексінде өз позициясын жақсартты. Ерекше атап өтейін, еліміз бағаның бәсекеге қабілеттілігі бойынша әлемнің 136 мемлекетінің ішінен 81-орынды иеленді. Бүкіләлемдік экономикалық форумның дерегі бойынша, Қазақстан өз позициясын 4 орынға алға жылжытып, туризм саласы бойынша әлемдік бәсекеге қабілеттілік индексінде 81-орында тұр», - деп жазды Иғалиев әлеуметтік желіде.
Оның ақпараты бойынша, рейтинг 2007 жылдан бері екі жылда бір рет жарияланады. 2017 жылы оған туристерді қабылдауға байланысты 14 позицияға сай келетін 136 ел қатысты.
«Бұған тарихи және мәдени мұралар, экономика, көлік, қонақүй секторы, коммуникация, медицинаның дамуы, туризм, саласы үшін қолайлы мемлекеттік саясат және тағы басқалары кіреді. 2015 жылы Қазақстан бұл рейтингте 3 орынға көтеріліп, 85-орынды иеленді. 2017 жылы еліміз өз позициясын жақсартып, төрт орынға алға жылжыды», - деп түсіндірді Марат Иғалиев.
Посткеңестік елдердің арасында ең үздігі - Эстония (37-орын), екінші орында Ресей тұр. Үшінші орынға Латвия (54-орын), төртінші - Литва (56-орын), бесінші - Грузия (70-орын), алтыншы - Әзербайжан (71-орын), жетінші - Қазақстан (81-орын), сегізінші - Украина (88-орын), тоғызыншы - Тәжікстан (107-орын), оныншы - Қырғызстан (115-орын) жайғасқан.