Қазақстан туризмді Малайзия мен Түркиядан үлгі алып дамытпақ - Үкімет отырысы

АСТАНА. 24 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақстан туризм саласын Малайзия мен Түркия мемлекеттерінің тәжірибесіне сүйене отырып дамытпақ.

Қазақстан туризмді Малайзия мен Түркиядан үлгі алып дамытпақ - Үкімет отырысы

Бұл туралы бүгін селекторлық режімдегі Үкімет отырысында еліміздегі туризм саласын дамыту мәселесі бойынша баяндама жасаған Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев мәлім етті.

«Бізде ҚР Статистика агенттігімен бірлескен жұмыс жоспары бар. Олар тиісті зерттеу жұмыстарын жүргізетін болады. Біз Малайзия және Түркия секілді мемлекеттердің тәжірибесін зерделейміз»,-деп атап өтті министр.

Ә. Исекешевтің айтуынша, енді еліміз Түркия және Малайзия секілді мемлекеттермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін болады.

«Бұл елдерде туризм қысқа мерзімде қуатты индустрияға айналып, ішкі жалпы өнімнің тұрақты өсімін қамтамасыз етуде»,-деді ведомство басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, Малайзияға бір жыл ішінде 24 млн.-нан астам турист келген. Бұл өз кезегінде 20 млрд. АҚШ долларына жуық кірісті қамтамасыз етті (ІЖӨ-нің 12,5 пайызы).