Қазақстан түркі елдеріне дәрі-дәрмекті бірлесе сатып алуды ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Бішкекте өткен Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше мемлекеттердің денсаулық сақтау министрлерінің 6-шы кездесуінде дәрі-дәрмек сатып алу тетіктерін біріктіруді ұсынды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Министр ТМҰ арасындағы ынтымақтастықтың болашағы зор бағыттарының бірі дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды еларалық сатып алу тетігін әзірлеу екенін атап өтті.
Бұл дәрі-дәрмектердің қолжетімді болуына жол ашады, халықаралық өндірушілермен ынтымақтастықты кеңейтеді және дәрі-дәрмектердің қауіпсіздігін нығайтады.
Бастама аясында бірнеше елдің қажеттіліктерін біріктіруді және сатып алу шарттары үйлестіріледі. Бұл елдерге өндірушілермен бірлесіп келіссөздер жүргізуге және сатып алу тиімділігін арттыру үшін қосымша мүмкіндіктер жасауға мүмкіндік береді.
Осы мақсатта 2009 жылдан бері дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сатып алуды орталықтандырып келе жатқан Бірыңғай дистрибьютор «СК-Фармация» ЖШС компаниясының тәжірибесі мен инфрақұрылымын пайдалануға болады.
— 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша, 2,75 миллион пациентке тегін дәрі-дәрмектер берілді. Медициналық ұйымдар 258 миллиард теңгеге (шамамен 573,3 миллион АҚШ доллары) өнім алды. Сатып алу барысында 68 миллиард теңге (шамамен 151,1 миллион АҚШ доллары) үнемделді, — деп атап өтті министр.
Ведомство басшысының айтуынша, қырғыз тарапының алдын ала есебі бойынша, бастапқы 17 дәрі-дәрмекті сатып алудың Қырғыз Республикасы 628 мың АҚШ долларын үнемдейді (шығындар шамамен 55%-ға төмендейді).
Сонымен қатар, Ұйым ішіндегі ынтымақтастықты нығайту үшін Ақмарал Әлназарова ДДСҰ бенчмаркингіне сәйкес, 3-ші жетілу деңгейіне сай дәрі-дәрмекті ТМҰ елдерінде жеделдетілген тіркеу рәсімін енгізуді ұсынды.
— 2026 жылы Қазақстан ТМД елдері арасында дәрілік заттарды реттеу саласында Жаһандық бенчмаркинг құралы негізіндегі ДДСҰ-ның 3-ші жетілу деңгейіне жеткен алғашқы ел болды. Түркияда да ДДСҰ-ның 3-ші жетілу рейтингі бар екенін ескере отырып, біз қазіргі уақытта елдеріміз арасында дәрілік заттарды тіркеуді жеделдетудің екіжақты тетігін құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз, — деді Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі.
Министр сонымен қатар Қазақстан ұлттық реттеу жүйелерінің 3-ші жетілу деңгейіне жету үшін практикалық тәжірибе алмасу мақсатында ТМҰ елдерімен тығыз ынтымақтастықта болуға дайын екенін тілге тиек етті.
Еске сала кетейік, Қырғызстан астанасындағы «Ала-Арча» мемлекеттік резиденциясында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің денсаулық сақтау министрлерінің 6-шы отырысы өтіп жатыр.