Қазақстан Түркі елдерінің кәсіпкер әйелдер комитетіне төрағалық етеді

Қазақстан Түркі елдерінің кәсіпкер әйелдер комитетін басқарады
Фото: «ASMAR»

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Түркі елдерінің сауда-өнеркәсіп палаталары Одағы жанындағы кәсіпкер әйелдер комитетіне төрағалық етеді. Шешім Ыстамбұлда өткен одақтың әйел кәсіпкерлерінің екінші Бас Ассамблеясының отырысында айтылды. Бұл туралы «Атамекен» Іскер әйелдер кеңесінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Іс-шараға түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) кіретін Түркия, Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Өзбекстан және Түрікменстаннан, сондай-ақ Венгриядан 400-ден астам іскер әйел қатысты.

«Бізге қатысушы елдер арасындағы интеграцияны нығайту керек. Қазіргі таңда мемлекеттің байлығына апаратын жол – әр түрлі бизнеске ие болу. Ең бай және ең қуатты елдер бұған дәлел. Бұл тұрғыда біз әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға және мемлекеттеріміз арасындағы тауар айналымын кеңейтуге ерекше мән береміз», - деп мәлімдеді Түркия палаталары мен тауар биржалары одағының президенті Рифат Хисарджиклыоглу.

Форумда Қазақстан делегациясын «ASMAR» әйел кәсіпкерлер ұлттық қауымдастығының төрағасы, «Атамекен» Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Лаззат Рамазанова таныстырды. Ол түркі мемлекеттерінің іскер әйелдерінің өзара қарым-қатынас дәстүрлері тиімді тәжірибе, идеялар мен ресурстармен алмасуға мүмкіндік беретінін, сондай-ақ кәсіби және жеке тұлғалық өсу үшін жағдай жасайтынын атап өтті.

«Қазақстан Әзербайжаннан эстафетаны алып, ұйымға төрағалық етуді үлкен жауапкершілікпен қабылдап отыр. Еліміздің төрағалық қызметінде іскер ханымдардың қатысуымен өңірлік бизнес-жобаларды стратегиялық тұрғыдан дамыту көзделіп отыр. Мұндай жобаларды қолдау, оларды ынталандыру жаңа әрі бірегей бизнес-идеяларды қалыптастыруға ықпал етіп қана қоймай, түркі мемлекеттерінде жаңа іскерлік экожүйені құруға қажетті қолайлы ортаны да қалыптастыратын болады», – деді Лаззат Рамазанова.

Ол ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әйелдер бизнесін дамытуда шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Еліміздегі 1 млн-нан астам шағын және орта компаниялар әйелдердің басшылығымен жұмыс істейді. Сонымен қатар жаһандық сын-қатерлер әйелдерге жаңа кедергілер мен міндеттер қояды.

«Аймақтық қақтығыстар мен климаттық процестердің экономика мен денсаулық сақтауға әсері бірінші кезекте әйелдерге әсер етеді. Сонымен қатар, «тұрақты экономика» қағидаттарына көшу процесінде әйелдерді бір саты жоғары етеді. Біз экологиялық таза өндіріске, экотуризмге маманданған компанияларды құра және дамыта аламыз, жауапты тұтыну мен өндіріс тәжірибесін ілгерілете аламыз, айналмалы экономика қағидаттарын енгізе аламыз және аймақтарымыздың биоәртүрлілігін сақтауға ықпал ете аламыз», - деп сөзін толықтырды Лаззат Рамазанова.

Бас Ассамблеядан басқа Қазақстан делегациясы «Бизнес-форумға және B2B желілік іс-шарасына» қатысты. Ұйымдастырушылары Түркия палаталары мен тауар биржалары Одағы (TOBB) мен түрік сауда-өнеркәсіп палаталары Одағы болды.

Түркі елдерінің сауда-өнеркәсіп палаталарының одағы 2019 жылы құрылды және түркі мемлекеттері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін тиімді алаң болып келеді. Қазіргі уақытта одақ құрамына Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және Түрікменстан кіреді.

2023 жылдың қараша айында Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық етуді ресми түрде қабылдады. Ол 2024 жылғы кезекті саммитке дейін 12 айға созылады.

Соңғы жаңалықтар