Қазақстан Түркия әскерилерімен бірлескен оқу-жаттығу өткізеді
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Қорғаныс министрлігі 2024 жылға жоспарланған әскери жаттығулар туралы түсінік берді.

Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында ведомство осы жылға жоспарлаған оқу-жаттығуларды жариялады. Бұл тұрғыда Түркия Қарулы күштерімен бірлескен «Қабылан жолы-2024» оқу-жаттығуы, сондай-ақ Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан қарулы күштері бөлімшелерінің қатысуымен «Бірлестік-2024» командалық-штабтық іс-шарасы өткізілмек.
Мұнымен қоса, биылғы жоспарда мына жиындар бар:
- «Бекет-2024» кешенді жаттығуы;
- әуедегі шабуылға қарсы қорғаныстың жедел-тактикалық «Ашық аспан-2024» командалық-штабтық оқу-жаттығуы;
- Каспий маңы мемлекеттерінің (Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Ресей) бірлескен жаттығулары;
- жедел-тактикалық «Айбалта-2024» командалық-штабтық оқу-жаттығуы;
- «Тосқауыл-2024» командалық-штабтық оқу-жаттығуы.
«Бұл жаттығулардың бұрынғыларынан айырмашылығына тоқталсақ, оқу-жаттығу тұжырымдамасы геосаяси жағдайды, өңірдегі және әлемдегі ахуалды ескере отырып, жыл сайын өзгереді», - делінген министрлік ақпаратында.
Сонымен қатар 2024 жылдың қыркүйек-қазан айларында Қазақстан аумағында ҰҚШҰ бітімгер күштерімен бірлескен оқу-жаттығуын өткізу жоспарланған. Бұдан бөлек, екіжақты негізде Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан қарулы күштерімен бірлескен оқу-жаттығулар ұйымдастырылмақ.