«Қазақстан-Түркия: Стратегиялық әріптестіктің жаңа әлеуеті» - республикалық басылымдарға шолу
***
«Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда ресми сапармен жүрген Түрік Республикасының Президенті Абдулла Гүлмен кездесті», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сәрсенбілік нөмірінде жарық көрген «Қазақстан-Түркия: Стратегиялық әріптестіктің жаңа әлеуеті» мақаласында. Сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға байланысты Қазақстан Президенті бірқатар мәселелерді ортаға салды. Оның ішінде Қазақстан мен Түркия арасындағы үкіметаралық комиссияның жұмыс тиімділігін арттыру қажеттігіне назар аударды. Өйткені, 2008 жылы екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 2 миллиард 900 миллион долларды құраған болса, өткен жылы бұл 1 миллиард 400 миллион долларға дейін төмендеген. Ал өз кезегінде Түркия Президенті Абдулла Гүл өзінің сапарын киелі Түркістаннан бастағанын, онда алғаш рет болғанын айта келіп, Қазақстан - Түркия ынтымақтастығының даму жайына тоқталған.
Сонымен қатар осы күні екі ел басшылары қазақ-түрік бизнес-форумының жұмысына қатысқан. Алқалы жиын барысында Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан, Беларус және Ресей Кеден одағының құрылуымен түркиялық инвесторлар үшін мүмкіндіктер ашылатынына назар аударып, «бұл - 170 миллионға жуық адамы бар, жалпы ішкі өнімінің жиынтығы 2 триллион долларды құрайтын бірыңғай тауарлы рынок», десе, Түркия Президенті Қазақстанның экономикалық даму деңгейін жоғары бағалап, Қазақстанның елордасы - жаңа Астана құрылысының қарқынына таңданысын білдірген. А.Гүл «Қазақстан Азияның жүрегі ғана емес, сондай-ақ, осы өңірдегі жарық жұлдыз, - деп атап өткен.
Осы екі мақаланы да басылымның, сонымен қатар «Айқын», «Алаш айнасы», «Литер», «Экспресс-К», «Известия-Казахстан» газеттерінің сәрсенбілік санынан егжей-тегжейлі оқи аласыздар.
Кеше ҚР Бас прокуратурасының кезекті алқа мәжілісі өтіп, онда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері, сондай-ақ жекелеген мемлекеттік органдардағы әкімшілік заңдарды қолданудағы заңдылықтың жәй-күйі қарастырылды. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде «Кемшіліктер мен қайшылықтар көп» деген тақырыппен мақала жарық көрді. «Құзыретті органдардың қолданып отырған шараларына қарамастан, автомобиль қозғалысы саласында апатты жағдайлар мен адам шығындары түбегейлі жойылмай отыр. Осыған орай, жиынға қатысушылар қаралып отырған мәселенің және оған қатысты заңдарды одан әрі жетілдірудің, уәкілетті мемлекеттік органдардың қызметтерінің тиімділігін көтерудің өзектілігін атап көрсетті. Жол полициясы органдарының апаттылықтың жалпы көрінісін беретін есепке алу, тіркеу жұмысындағы елеулі кемшіліктері де қадап айтылды», деп жазады басылым.
***
Жаз келсе көпшілік жазғы демалысқа шығып, демалуға асығады. Алайда биыл еліміздің демалушылары үшін бұл демалыс қымбатқа түсетін түрі бар. Оның бірінші себебі көрші қырғыз елі мен Таиландтағы ішкі дүрбелең болса, екіншісі осы сәтті тиімді пайдаланған Түркияның туристік саясаты болып отыр. Ал оған қарсы тұрар отандық туризм тұралап тұр. Қолда бар демалыс орындарының қызмет көрсету сапасы төмен, бағасы қымбат. Бұл мәселе төңірегінде кеңірек «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы «Қырғыздар қырқысып, Таиланд тулап жатыр. Біз қайда демаламыз?» деген мақаладан толық таныса аласыздар.
Еліміздің Қылмыстық Кодексінің 195-бабы жұмыс істемей отыр. Заңда «Ұжым басшысы немесе жеке адам мойнындағы ірі көлемдегі қарызды, не болмаса несие берешегін төлемесе қылмыстық жауапқа тартылады, оған 200-ден 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып, алты айдан екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады» делінгенмен нақты өмірде бұл бап қолданылмайды. Оның неге орындалмайтындығының екі себебі бар. Ол қандай себептер екендігін егжей-тегжейлі білгіңіз келсе «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санына назар аударыңыз.
Осы басылымның тұрақты «Ой-көкпар» айдарының сәрсенбілік сауалы - «Арнайы заң қабылдамайынша, ұлттық спорт түрлерін дамыта аламыз ба?». Сауалнамаға ҚР Ұлттық ат спорты федерациясының президенті Сәдібек Түгел мен ардагер спорт қайраткері Қасым Ильяшев қатысып, тұшымды жауап берген.
***
«Айқын» газетінің еліміздің Қаржы полициясына сілтеме жасап хабарлауынша, Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің қызметкеріне пара бермекші болған ауыл шаруашылығы министрлігінің лауазымды қызметкері Серік Сүлейменов соттың санкциясымен қамауға алынды. «Лауазымды шенеуніктің қызмет кабинетін тінту кезінде С.Сүлейменовтың жеке сейфінен шыққан 123,4 мың доллар және 5,4 млн. теңге тәркіленген. Пара ретінде берген ақшалардың сериялық нөмірлері сейфте жатқан ақшалардың нөмірлерімен жалғасады екен. Қазір ауыл шаруашылығы министрігінің комитеті төрағасы Серік Сүлейменов қамауға алынып, тергеу жүргізіліп жатыр», деп жазады басылым.
Осы басылымның дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - «ҚазАгроинновация» АҚ Қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Серік Оспанов. Қой шаруашылығы төңірегінде өрбіген екеуара әңгіме газеттің сәрсенбілік нөмірінде «Қойсыз елге күй бітпейді, көктен көк қошқардың түсуі тегін емес» деген тақырыппен берілген.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша Мемлекет басшысы Н.Назарбаев пен Түркия Республикасының Президенті Абдулла Гүл Астанадағы бірқатар нысандарда болған. «Екі елдің басшылары ең үздік әлемдік стандарттар бойынша салынған және жарақтандырылған «Қазақстан» біреге киноконцерт залын аралап көрді. Одан кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен Абдулла Гүл әлемдегі ең биік шатыр түріндегі ғимараттың бірі саналатын «Хан шатыр» бірегей кешенінде болды», деп жазады басылым.
***
«Литер» газетінің жазуынша, бүгін елордада «KADEX-2010» І Халықаралық қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесі ашылады. Аталған шараға әлемнің 20 елінен 200-ге жуық компания қатысып, ІТ-технологиялар, байланыс, тылдық мүліктер, медицина, сондай-ақ инфрақұрылым мен құрылыс бөлімдері бойынша қару-жарақ және әскери техника саласындағы жетістіктермен таныстырады. Басылымның атап өтуінше, экспозицияның басым бөлігін, яғни 100-ден астам стендтерде қазақстандық бизнес өкілдері Қазақстанның Қарулы Күштері қажеттігі үшін шығарылатын өнімдерді ұсынбақ.