Қазақстан Түркия тарапынан «Almaz tourizm» клиенттеріне көмек көрсетуді өтінді
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ИЖТМ Туризм индустриясы комитеті Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігінен қазақстандық «Almaz tourizm» туристік операторына қолдау көрсетуді өтінді, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.
Ведомствоның ақпаратына қарағанда, Түркияда демалып жатқан қазақстандық туристер бірқатар қонақүй өкілдерімен арадағы ахуалдың қиындауына байланысты комитетке арыз жолдай бастаған. Осыған орай комитет төрағасы Марат Иғалиев Түркияның Мәдениет және туризим министрлігіне «Almaz tourizm» туристік операторының клиенттеріне қолдау көрсету өтінішін жолдаған.
«Туризм индустриясы комитеті Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігінен Түркияның жекелеген мекемелерімен орын алған ахуалға байланысты қазақстандық туристер үшін заңды шешімнің орын алуына қол ұшын беруді сұрайды», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ комитет «Trek Travel International» компаниясының басшылығына да хат жазды. Онда компания қонақүйлерінде тұру үшін қазақстандық туристерден қайта төлем талап етуге жол бермеу қажетті айтылған.
«Ведомство екі коммерциялық компаниясының арасында орын алып отырған дауға түсіністікпен қарауды сұрайды және туристерге келісімшартқа сәйкес қызмет көрсетуді талап етеді», - делінген хабарламада.