Қазақстан түрлі себептермен шетелге 8 адамды беруден бас тартты

АСТАНА. ҚазАқпарат  - 2016 жылы Қазақстан шетелдік 8 адамды беруден бас тартты. Бұл туралы Парламент Сенатының жалпы отырысынан кейін тілшілерге ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан түрлі себептермен  шетелге 8 адамды беруден бас тартты

«Бүгінде Қазақстан құқықтық шарттарға байланысты 55 мемлекетпен қол қойды. Бұл өз кезегінде біздің құқықтық үстемдікке сенім артқандығын білдіреді. Өйткені әрбір осындай құжат бойынша біз өзімізге тиісті міндеттемені аламыз. Сондықтан жыл сайын шамамен 100-ден астам адамды біз береміз. Сонымен қатар былтыр біздің сұрауымыз бойынша 103 азамат Қазақстанға берілді, ал 85 адамды басқа елдердің сұрауымен оларға тапсырдық. Бұл құқықтық көмекті көрсету барысындағы қадамдар»,-деді М. Ахметжанов.

Оның сөзіне қарағанда, өткен жылы жалпы 8 адамды беруден бас тартылды.

«Бұл тұрғыда тек саяси себептер ғана емес, жалпы бас тартуға негіз болатын тоғыз талап ескерілді. Біріншіден, біздің және олардың заңнамасы бойынша осы азаматтардың әрекеті қылмыстық сипатқа ие болуы тиіс. Екіншіден, әрбір актіге жекелей қарастырылады, егер адам босқын мәртебесіне ие болса, онда оны беруден бас тартылады.. Өздеріңіз білесіздер, осы салада БҰҰ ұсыныстары бар. Адамдар осы талаптардың аясында қамтылса, біз бұл бағытта халықаралық құқық стандарттарын ұстанып, сұралған азаматтарды бермейміз»,-деп түсіндірді Бас прокурордың орынбасары.

Айта кетейік, бүгін Сенаттың жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Сербия Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасы мен Сербия Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы», «Қазақсан Республикасы мен Сербия Республикасы арасындағы ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобаларын қабылдады.