Қазақстан түрмедегілер саны бойынша әлемде 41-орыннан 47-орынға түсті - Жоғарғы сот

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан түрмедегілер индексі бойынша әлемде 41-ші орыннан 47-ші орынға түсті. Бұл туралы бүгін ҚР Жоғарғы Сотында республика соттарының 2015 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарған жұмыс қорытындыларына арналған кеңейтілген кеңесте мәлім болды.

Кеңес барысында Жоғарғы сот төрағасы Қазақстандағы түрмедегілер санының азаю үрдісінің орын алып отырғанын атап өтті. Мәселен, бүгінгі күні бас бостандығынан айырылуға қатысты сотталғандардың үлес салмағы өткен жылдың алғашқы жартыжылдығымен салыстырғанда 11,5 пайызға азайған.

«Талдаулар көрсеткеніндей, соттар бас бостандығынан айыру үкімдерін шығаруды азайтып, оның орнына балама жаза түрлерін шығаруды арттырып отыр. Бұл ретте сотталғандардың үлес салмағы былтырғы жылмен салыстырғанда 11,5 пайызға азайды, керісінше, балама жаза түрлері бойынша шығарылған үкімдер саны 20 пайызға артты. Жазаның балама түрін қолданудың арқасында біздің елімізде сотталғандар саны айтарлықтай азайып отыр», - деді Қайрат Мәми.

Сонымен қатар Бас прокуратураның мәліметтеріне сүйене отырып, Жоғарғы сот төрағасы Қазақстан алғаш рет түрмедегі адамдар саны рейтингін 6 позицияға жақсартқанын атап өтті.

«Біз түрме рейтингі бойынша 41-ші орыннан 47-ші орынға түстік. Бұл Мемлекет басшысының Қазақстанды түрмедегілер индексі бойынша көш басында тұрған елу елдің қатарынан шығару туралы тапсырмасына сәйкес келеді. Айта кетерлігі, түрмедегілер санының «көшбасшы» елу елдің тізімінен шығу үшін бізде бас бостандығынан айырылғандар саны 41 мыңға дейін азаюы тиіс. Бүгінгі күні біздің бас бостандығынан айыру орындарымызда 44,5 мың адам отыр», - деді Қ.Мәми.

Соңғы жаңалықтар
telegram