Қазақстан Туын биікте желбірету - басты мақсатымыз - Ерболат Байбатыров
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қай уақытта болсын, еліміздің Туын биікте желбірету - басты мақсатымыз. Бұл туралы бүгін Оралда Мемлекеттік рәміздердің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған «Менің Туым» эстафетасына қатысқан самбодан төрт мәрте әлем чемпионы, әлем кубогының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Ерболат Байбатыров мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
«Әрбір азамат үшін, соның ішінде спортшы үшін Мемлекеттік рәміздердің маңызы ерекше. Біз спорттық жолымызда мұны айқын сезінеміз. Қай жарысқа қатыспайық, көк байрағымызды биікке көтеріп, Гимнімізді ойнату үшін барымызды саламыз. Соған қол жеткізіп те жүрміз. Жеңіс тұғырында тұрған кезде кеудемізді еліміз үшін мақтаныш сезімі кернейді. Бұған дейін төрт әлем біріншілігінде топ жарсам, өткен жылы күміс жүлдеге қол жеткіздім. Биылғы дүниежүзілік дода 10-12 қарашада Ресейдің Сочи қаласында өтеді. Оған бару үшін Грузия, Түркменстан және Ресейде өтетін халықаралық жарыстарда жүлдеге ілігіп, жолдаманы жеңіп алу керек», деді Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Райымбек Меңдіғалиевтің қоластында жаттығып жүрген сайыпқыран самбошы.
Бүгін «Менің Туым» эстафетасы Орал-Атырау жолы бойында, қалаға кіреберісте орналасқан «ОРАЛ» жазуының алдынан бастау алды. Әуелі мотоциклшілер Қазақстан Туын «Динамо» спорт базасына жеткізсе, содан кейін кезек ескекшілерге тиді. Ескекшілер Шаған өзенімен жүзіп өтіп, қалалық мәдениет және демалыс саябағына дейін келіп, көк байрақты Ерболат Байбатыров бастаған марафоншыларға табыс етті.
Сосын велошабандоздар Туды жаңа алаңға дейін жеткізіп, онда оларды өңірдегі жастар ұйымдарының өкілдері флешмоб-биімен қарсы алды.
Мемлекеттік рәміздер мерекесіне арналған шаралар облыста одан әрі жалғасуда.