Қазақстан ТЖМ әулеттері: ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан мамандыққа адалдық

АСТАНА. KAZINFORM - Құтқарушы мамандығы батылдықты, жанқиярлықты және кез келген сәтте көмекке келуге дайын болуды талап етеді. Қазақстанның азаматтық қорғау жүйесінде бірнеше ұрпағы осы салада қызмет етіп келе жатқан отбасылар аз емес. Әкелер өз балаларына кәсіби тәжірибесін беріп, жауапкершілікке және таңдаған мамандығына адал болуға үйретеді.

Қазақстан ТЖМ әулеттері: ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан мамандыққа адалдық
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Бұл әулеттердің тарихы – ұрпақтар сабақтастығының, отбасылық құндылықтар мен құтқарушылардың күрделі еңбегіне деген құрметтің жарқын үлгісі.

Қазақстан ТЖМ әулеттері:
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

 Қарабалиндер әулеті – қауіпсіздік күзетінде 100 жылдан астам еңбек өтілі. Әулеттің негізін қалаушы Алдаберген Қарабалин өртке қарсы қызметке 34 жылдан астам уақытын арнады. Ол Екібастұз қаласындағы қарауыл бастығынан бастап, Павлодар облысы ТЖД бастығының орынбасарына дейінгі жолдан өтті. 2009 жылы азаматтық қорғау полковнигі атағымен еңбек демалысына шықты. Оның інісі Шоқан мен қарындасы Аягөз де өрт сөндіру қызметінде еңбек етті. Әулеттің кәсіби дәстүрін ұлы Есенжол Қарабалин жалғастырды. Ол 2003 жылдан бері өртке қарсы қызметте еңбек етіп келеді және бүгінде Павлодар облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің № 5 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы қызметін атқарады. Есенжол ірі өрттерді сөндіруге бірнеше рет қатысып, спорттық жетістіктерімен танылған. Ол – өрт-құтқару спорты бойынша спорт шебері.

Қазақстан ТЖМ әулеттері:
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

 Нүкішевтер әулеті – бір ғасырдан астам кәсіби тәжірибе. Бұл отбасының тарихы өртке қарсы қызметтің қалыптасуы мен дамуына тікелей байланысты. Сейтжан Нүкішев азаматтық қорғау жүйесінде 30 жылдан астам еңбек етіп, қатардағы қызметкерден облыстық өртке қарсы қызмет басшысына дейінгі жолдан өтті. Өрт сөндіру саласында 30 жыл еңбек еткен жұбайы Роза да оның қызметтегі қиындықтары мен жауапкершілігін бірге бөлісті. Бүгінде отбасылық дәстүрді ұлы Нұрлан Нүкішев жалғастырып келеді. Ол Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы қызметін атқарады. Ардагерлердің тәжірибесі мен мамандыққа адалдығы жас қызметкерлерді кәсіби тұрғыда тәрбиелеудің маңызды негізі болып отыр.

Қазақстан ТЖМ әулеттері:
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

 Еңсебаевтар әулеті – адамдарға қызмет ету жолын таңдаған әке мен бала. Марат Еңсебаев өртке қарсы қызметтегі еңбек жолын 1997 жылы бастап, өрт сөндірушіден Есіл ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығына дейін көтерілді. Оның басшылығымен бөлім жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, 2012 жылы «Үздік төтенше жағдайлар бөлімі» номинациясы бойынша республикалық байқауда бірінші орын алды. Әкесі таңдаған жолды ұлы Жасұлан да жалғастырды. Қазақстан Республикасы Қарулы күштеріндегі қызметін аяқтағаннан кейін ол өрт сөндірушілер қатарына қосылды. Тіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау саласында жоғары білім алған Жасұлан отбасылық дәстүрді жалғастырып, төтенше жағдайлардан қорғау бағытындағы кәсіби білімін жетілдіруге ұмтылып келеді.

Қазақстан ТЖМ әулеттері:
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

 Камиевтер әулеті – өрт сөндірушілердің үш буыны. Әулеттің негізін қалаған Рапиголла Камиев 1972–1985 жылдары өрт сөндіру қызметінде еңбек етті. Оның ұлы Талғат әке жолын жалғастырып, Алматы өрт-техникалық училищесін тәмамдады. Ол қарауыл бастығынан өрт сөндіру бөлімінің бастығына дейінгі қызметтік жолдан өтіп, ішкі қызмет майоры атағымен зейнетке шықты. Қызы Салтанат та өртке қарсы қызметте радиотелефонист болып 24 жыл жұмыс істеді. Бүгінде әулеттің дәстүрін немересі, азаматтық қорғау майоры Қуанбек Камиев жалғастырып келеді. Ол № 6 өрт сөндіру бөлімінің бастығы қызметін атқарады. Қызмет жылдарында өрттерді сөндіруге қатысып, кәсібилігімен және қарамағындағы қызметкерлерге деген қамқорлығымен көзге түскен. Бұл отбасының тарихы мамандыққа деген құрмет пен қызметтік дәстүрлердің ұрпақтарды біріктіретінін көрсетеді.

Қазақстан ТЖМ әулеттері:
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

 Шайкрамовтар әулеті – ерлік пен батылдықты ұрпаққа мұра еткен отбасы. Әулет басшысы Анвар Шайкрамов «Өрттегі ерлігі үшін» медалі мен «Құрмет белгісі» орденінің иегері, өмірін өртке қарсы қызметке арнаған азамат. Балалар интернатындағы өртті сөндіру кезінде ауыр жарақат алғанына қарамастан, ол қызметіне қайта оралып, мамандығына деген адалдығын көрсетті. Анвар Шайкрамов өртке қарсы қызмет ардагері жұбайы Елизаветамен бірге бес бала тәрбиелеп өсірді. Олардың ұлы Закир Жамбыл облысының мемлекеттік өртке қарсы қызмет басқармасы бастығының орынбасары лауазымына дейін көтерілді. Әулет дәстүрін немерелері Руслан, Мансұр және Назира жалғастырды. Солардың бірі Мансұр Шайкрамов өртке қарсы қызметте 20 жылдан астам еңбек етіп, Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары қызметін атқарады.

Ережеповтер әулеті – кәсібилік пен қызметке адалдықтың үлгісі. Уәлихан Ережепов Оңтүстік Қазақстан облысының азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар жүйесін жиырма жылдан астам уақыт басқарды. Көпжылдық еңбегі үшін ол II дәрежелі «Айбын» орденімен және көптеген мемлекеттік наградалармен марапатталған. Сонымен қатар жас мамандарды даярлауға елеулі үлес қосты. Әкесінің кәсіби жолын қызы Эльмира Ережепова жалғастырды. Өрт қауіпсіздігі саласында білім алған ол азаматтық қорғау полковнигі атанып, Шымкент қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы қызметіне тағайындалды. Бұл отбасында бала кезден еңбекқорлыққа, адалдыққа және жауапкершілікке ерекше мән берілген. Аталған қасиеттер Эльмираның мамандық таңдауына да негіз болды.

Жарылғасыновтар әулеті – құтқарушылардың отбасылық командасы. Қанат Жарылғасынов азаматтық қорғау органдарындағы еңбек жолын 2006 жылы өрт сөндіруші болып бастады. Кейін арнайы оқу орнын тәмамдап, офицер атанды және Қостанай облысының Меңдіқара ауданындағы Боровской ауылында орналасқан № 9 өрт сөндіру бөлімінің бастығына дейін көтерілді. Әкесінің үлгісінен шабыт алған үлкен ұлы Бахдияр да осы мамандықты таңдады. Ол ТЖМ Көкшетау техникалық институтын тәмамдап, бүгінде Қостанай облысы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасында аға лейтенант болып қызмет етеді. Бұл отбасы үшін құтқарушы мамандығы – жай ғана жұмыс емес, адамдар алдындағы жауапкершілік, өзара қолдау және көмекке әрдайым дайын болу. Әке мен бала бір гарнизонда қызмет етіп, отбасылық дәстүрді жалғастырып келеді.

Кажкеновтер әулеті – ерлі-зайыптылар мен қызын біріктірген қызмет. Азамат пен Ләззат Кажкеновтер Қазақ КСР ІІМ оқу орталығында білім алып жүрген кезінде танысқан. Азамат өртке қарсы қызметте 28 жыл еңбек етіп, өрт сөндірушіден Ақмола облысы ТЖД бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметінің «112» бастығына дейінгі жолдан өтті. Ләззат 30 жылдан астам уақыт радиотелефонист және диспетчер болып жұмыс істеді. Ол оқыс оқиғалар туралы хабарламаларды қабылдап, тиісті бөлімшелерді шақыру орнына жіберумен айналысты. Отбасылық дәстүрді олардың қызы Айгерім Кажкенова жалғастырды. Ол Көкшетау қаласындағы өрт сөндіру бөлімінде радиотелефонист мамандығын таңдады. Ата-анасының өнегесі жас маманға кәсіби шеберлігін шыңдап, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосуға көмектеседі.

Сағынаевтар әулеті – бірнеше ұрпаққа жалғасқан өрт сөндіру ісіне адалдық. Сағынаевтар отбасы Ақмола облысының Астрахан ауданында өртке қарсы қызметтегі әулеттердің бірі ретінде танымал. Әулеттің үлкен өкілі Балташ Сағынаев көптеген жыл бойы өртке қарсы қызметте еңбек етіп, зейнетке шықты. Оның інісі Жанболат Астрахан ауданының № 7 өрт сөндіру бөлімінде жүргізуші болып қызмет атқарды. Әке жолын ұлы Саян Сағынаев жалғастырды. Әскер қатарындағы қызметін аяқтағаннан кейін ол азаматтық қорғау органдарына жұмысқа орналасып, Астрахан ауданының № 19 өрт сөндіру бөлімінде аға өрт сөндіруші болып еңбек етеді. Жанболаттың ұлы Қанат та отбасылық істі жалғастыруға ниетті. Осылайша, адамдарға қызмет етуге және оларды өрттен қорғауға деген ұмтылыс Сағынаевтар отбасының маңызды дәстүріне айналды.

ТЖМ жүйесіндегі отбасылық әулеттер – бұл тек көпжылдық еңбек өтілі мен кәсіби жетістіктер ғана емес. Бұл – ең алдымен білім мен тәжірибенің сабақтастығы, өзара қолдау және жас қызметкерлерге құтқарушы мамандығын саналы түрде таңдауға үлгі болатын өнеге. Осындай әрбір тарихтың артында адам өмірі мен қауіпсіздігін басты орынға қоятын жандар тұр.

Осыған дейін кинология саласына 30 жылдан астам уақытын арнаған азамат туралы жаздық.